БҚО-ДА ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ӨТКІЗУ БОЙЫНША ТИІСТІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өңірде Құрылтай сайлауын өткізу бойынша ұйымдастыру шаралары тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісовтің төрағалығымен өткен кеңесте аймақ басшысының орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев мәлімдеді. Маңызды науқанға дайындық мәселелері пысықталған жиынға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, барлық деңгейдегі аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.

Өңірде 488 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 236-сы білім беру, 192-сі мәдениет, 28-і денсаулық сақтау, 15-і спорт нысандарында, 17-сі әлеуметтік және өзге де мекемелерде орналасқан. 450 мыңнан астам адам дауыс беруге құқылы. Оларға шақыру қағазы үлестірілген.

Барлық 3224 сайлау комиссиясы мүшесінің 95 пайызында саяси науқандарды өткізу тәжірибесі бар. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері кәсіби даярлық деңгейін арттыру мақсатында аудандарда көшпелі оқыту семинарларын ұйымдастырды.

Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев жергілікті атқарушы орган заңнама талаптарына сай тиісті жұмыстар атқарғанын атап өтті. Ерекше жағдайды қажет ететін азаматтар үшін сайлау учаскелері кіреберіс пандустар, шақыру батырмасы, тактильді жолақтар, ым-ишара тіліндегі видеолар және аудиоақпаратпен қамтамасыз етілген.

– Өңірде мүгедектігі бар 2324 сайлаушы тіркелген. Бұл санаттағы азаматтарға дауыс беруге жағдай жасалған, барлық сайлау учаскесі 1-қабатта орналасқан. Дауыс беру күні 55 инватакси, сурдоаудармашылар қызмет көрсетеді. Сайлауды өткізу бойынша осы және өзге де ұйымдастыру шаралары тиісті деңгейде жүргізілуде, – деді Қайыржан Меңдіғалиев.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шафхат Өтемісов өңірдің дайындығын оң бағалады. Ол қоғамдық орындарда ақпараттық дүңгіршектер орнатқан жас сайлаушылар клубы мүшелерінің азаматтық белсенділігін айрықша атап өтті. Саяси науқанға шетелдік байқаушылар да зор қызығушылық танытып отырғанын тілге тиек етті. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шараларын пысықтап, барлық тарапты Құрылтай сайлауын жоғары деңгейде өткізуге атсалысуға шақырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/uralsk/press/news/details/1277412?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version