Үкімет 2024 жылғы желтоқсанда қабылдаған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Басты мақсат – инфрақұрылымның тозу деңгейін кезең-кезеңімен төмендету және энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру.
2025 жылы электр және жылу желілерін жаңғыртуға 17,5 млрд теңге бағытталды. Осы қаражат есебінен Қарағанды, Түркістан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында бес ірі жоба аяқталды. Жөндеу жұмыстары желілердің тозу деңгейін төмендетіп, технологиялық бұзушылықтар санын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.
Бүгінде Энергетика министрлігі жалпы құны 990,9 млрд теңгені құрайтын электр және жылумен жабдықтау саласындағы 393 жобаны іске асыруды қолдады. Жаңғыртылатын желілердің жалпы ұзындығы 12 мың шақырымды құрайды.
Бұл ретте тозу деңгейі ең жоғары нысандарға басымдық берілуде.
Мәселен, Степногорск қаласында 1973 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан, тозу деңгейі 90%-дан асатын жылу магистралін жаңғырту жобасы іске асырылуда. Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін 20 мыңнан астам тұтынушыны жылумен жабдықтаудың сенімділігі артады.
Талдықорған қаласында 80-жылдардан бері пайдаланылып келе жатқан диаметрі 700 мм негізгі жылу магистралі жаңғыртылуда. Нәтижесінде желінің тозу деңгейі 38%-ға дейін төмендейді.
Алматы қаласында тозу деңгейі 83%-дан асатын жылу желісінің учаскесі қайта жаңғыртылуда. Жобаны іске асыру желінің тозу деңгейін едәуір төмендетіп, қала халқын жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, электрмен жабдықтау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде.
2029 жылға дейін жоспарланған барлық іс-шараларды іске асыру нәтижесінде елдегі жылу желілерінің орташа тозу деңгейін 52%-дан 42%-ға, ал электр желілерінің тозуын 74%-дан 45%-ға дейін төмендету көзделіп отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kaenk/press/news/details/1277101?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау