Қазақстанда дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу жүйесі жұмыс істейді. Реттеуге жататын дәрілер үшін өндірушінің, көтерме және бөлшек сауда бағасының шекті мөлшері белгіленеді. Олардың сақталуы тұрақты түрде бақылауда.
2026 жылғы шілдеде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті 2 555 дәрі-дәрмек атауының бағасына талдау жүргізді. Оның ішінде 1 267 препараттың бағасы тұрақты болса, 589 атау бойынша баға төмендеген. Белгіленген бағадан асып кету жағдайлары анықталса, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Бұл бақылауда цифрландыру маңызды рөл атқарады. Таңбалау жүйесі дәрінің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап дәріханаға және сатып алушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар дәрінің нақты бағасы мен оның бар-жоғы туралы ақпарат алуға болады. Бұл бұзушылықтарды жедел анықтап, нақты деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Цифрлық құралдар дәрі-дәрмек бағасының төмендеуін де бақылайды. Егер сатып алу, тасымалдау немесе басқа да шығындар азайса, бұл дәрінің соңғы бағасына да әсер етуі мүмкін.
Дәріні және оның бағасын қалай тексеруге болады?
Азаматтар NAQTY ONIM цифрлық сервисін пайдалана алады. Оның көмегімен 2024 жылғы 1 шілдеден кейін өндірілген дәрінің қаптамасындағы Data Matrix кодын сканерлеп, препарат, оның өндірушісі, таңбалануы және жеткізу тізбегіндегі қозғалысы туралы ақпарат алуға болады. Сондай-ақ сервис арқылы дәрінің белгіленген шекті бөлшек сауда бағасын тексеріп, оны дәріханадағы бағамен салыстыруға болады.
Ықтимал заң бұзушылық анықталған жағдайда ақпаратты әрі қарай қарау үшін уәкілетті органдарға жіберуге болады.
Комитет азаматтарға не ұсынады?
Дәрі-дәрмекке артық ақша төлемеу үшін азаматтарға:
• дәрілерді тек лицензиясы бар дәріханалардан сатып алу;
• реттелетін дәрілердің шекті бөлшек сауда бағасын тексеру;
• бір дәрінің бағасын әртүрлі дәріханаларда салыстыру;
• бағасы қолжетімді генерикалық аналогтардың бар-жоғын нақтылау;
• кассалық чектерді сақтау;
• бағаның негізсіз көтерілгенін анықтаған жағдайда Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жүгіну ұсынылады.
Комитет дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізуді, бағаны реттеу тетіктерін жетілдіруді және цифрлық бақылау құралдарын дамытуды жалғастырады. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты халықты сапалы, қауіпсіз және экономикалық тұрғыдан қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kmfk/press/news/details/1277698?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау