Теміржол бойында малдың жүруі әлі де пойыздардың мәжбүрлі тоқтауына және шұғыл тежелуіне себеп болып отыр. Жыл басынан бері көлік полицейлері пойыздардың шұғыл тежелуіне қатысты 846 фактіні тіркеген. Оның 474-інде теміржол бойында малдың болуы себеп болған. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов мәлімдеді.
Мұндай жағдайлар әсіресе Қызылорда, Шу, Атырау және Семей станцияларының маңында жиі кездеседі.
«Кезекті оқиға 19 тамызда Ақмола облысындағы ОП-42 – Бабатай аралығында орын алды. Жүк пойызының машинисі теміржол жолында ұсақ малдың жүргенін байқап, дереу шұғыл тежегішті іске қосты. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады. Соның салдарынан 5 бас мал қағылды», – деді полиция полковнигі.
«Тексеру барысында малдың иесі анықталды. Ол Ақмола облысының 63 жастағы тұрғыны. Теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді ол.
Көлік полицейлері ауыл шаруашылығы жануарларының иелерін малды ұстау және бағу талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Үй жануарларын қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оны теміржол маңында және теміржолдың бөлінген жолағында жаюға жол бермеу қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1277491?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау