ҚАЗАҚСТАН ОҢТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛДЫ: ЕҢБЕК МИНИСТРЛІГІ АЗАМАТТАР ҮШІН ШЕТЕЛДЕ ЗАҢДЫ ЖҰМЫС ІСТЕУДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІГІН АШТЫ Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында және Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізді халықаралық еңбек тетіктеріне интеграциялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде Қазақстан ресми түрде Оңтүстік Кореяның Employment Permit System (EPS) – шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат беру жүйесіне қатысушы елдердің қатарына енгізілді. Еңбек министрлігі үшін бұл – азаматтарға шетелде заңды әрі қауіпсіз жұмысқа орналасудың жаңа мүмкіндіктерін жасауға бағытталған ауқымды жұмыстың нәтижесі. Корея тарапының шешіміне сәйкес, Қазақстан Е-9 жүйесіне қатысушы 18-ші мемлекет болды. Бүгінде бағдарламаға Қазақстаннан бөлек Филиппин, Моңғолия, Шри-Ланка, Вьетнам, Таиланд, Индонезия, Пәкістан, Камбоджа, Қытай, Бангладеш, Шығыс Тимор, Непал, Мьянма және Лаос қатысады. Орталық Азиядан Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан да осы жүйеге мүше. Қазақстан азаматтарын Корея Республикасына жұмысқа тарту 2028 жылдан басталады деп жоспарланып отыр. Оған дейін үкіметаралық өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою, сондай-ақ Қазақстанда корей тілінен тестілеу өткізетін EPS-TOPIK орталығын ашу сияқты бірқатар ұйымдастыру шараларын аяқтау қажет. Қазақстанды EPS жүйесіне қосу жөніндегі жұмысты министрлік 2023 жылдан бері жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде азаматтарды іріктеу мен даярлауға мүмкіндік беретін барлық қажетті рәсімдер кезең-кезеңімен орындалды.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау