Қос азаматтық: ШҚО-да 35 адам жауапкершілікке тартылды
Шығыс Қазақстан облысында көші-қон қызметі шетел азаматтығын алғаннан кейін бұл туралы хабарламай, Қазақстан Республикасының құжаттарын пайдалануды жалғастырған азаматтарды анықтау жұмыстарын жалғастыруда.
Жыл басынан бері 550-ден астам азаматтың Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы тіркелген. Олардың басым бөлігі басқа мемлекеттердің азаматтығын алған. Сонымен қатар кейбір азаматтар елге кіру және Қазақстан аумағында тұру кезінде әлеуметтік, зейнетақы және өзге де мемлекеттік жеңілдіктерді сақтап қалу мақсатында қазақстандық құжаттарды пайдалануды жалғастырған.
Азаматтық саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 26 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған, тағы 9 азамат Қазақстан Республикасының паспортын немесе жеке куәлігін пайдалануды жалғастырған.
Осындай фактілердің бірі көші-қон қызметімен облыс орталығының 64 жастағы тұрғынынан анықталды. Ол басқа мемлекеттің азаматтығын алғанымен, бұл туралы уақытылы хабарламаған және Қазақстан Республикасының құжаттарымен жүре берген. Тексеру барысында әйелдің құжаттары тәркіленіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқаны тіркелді.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында қос азаматтыққа жол берілмейтінін ескертеді. Басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда бұл туралы көші-қон қызметіне уақытында хабарлап, Қазақстан Республикасының құжаттарын тапсыру қажет.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1277078?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау