Алматылық жастар өз жобаларын жүзеге асыру үшін 1 млн теңге грант ала алады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматыда «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау конкурсына өтінім қабылдау басталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мен «Алматы студенттер Альянсы» корпоративтік қорының өкілдері жастар бастамаларын мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері мен конкурсқа қатысу шарттары туралы айтып берді.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиевтің айтуынша, конкурс қалалық Жастар саясаты басқармасының қолдауымен өткізіледі, ал оның ұйымдастырушысы – «Алматы студенттер Альянсы» корпоративтік қоры. Жоба талантты, бастамашыл және әлеуметтік белсенді жастарды қолдауға бағытталған және оларға ғылыми, шығармашылық, технологиялық, кәсіпкерлік және қоғамдық салалардағы өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Егер сізде қоғамға пайдасын тигізетін идея, ғылыми жоба, стартап немесе әлеуметтік бастама болса, алғашқы қадам жасаудан қорықпаңыз. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – өз идеяңызды толыққанды жобаға айналдырып, әлеуетіңізді ашуға берілетін нақты мүмкіндік», – деді Мирас Нысаналиев.

Конкурсқа Алматы қаласында тұрақты тұратын 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Биыл гранттар алты бағыт бойынша беріледі: «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» және «Волонтерлік». Әр бағыт қоғамға практикалық пайда әкелетін және қаланың дамуына ықпал ететін жобаларды қолдауға арналған.

Әр гранттың мөлшері 1 млн теңгені құрайды. Конкурс қорытындысы бойынша барлығы 13 жеңімпаз анықталып, олар өз жобаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдауға ие болады. Өтінімдер 2026 жылғы 7 тамыздан 7 қыркүйекке дейін қабылданады.

Алматы қаласы Студенттер альянсының төрағасы, республикалық студенттік омбудсмен Айболат Сембиев конкурсқа қатысу тәртібіне егжей-тегжейлі тоқталды. Оның айтуынша, өтінімдер мемлекеттік немесе орыс тілінде қабылданады. Құжаттар топтамасына жобаның сипаттамасы, ұзақтығы 60 секундтан аспайтын бейнепрезентация, шығындар сметасы, сондай-ақ бар болған жағдайда зияткерлік меншік объектілері туралы мәліметтер енгізілуі тиіс.

«Жобаларды бағалау кезінде комиссия олардың өзектілігін, жаңашылдығын, қоғамдық маңызын, іске асыру мүмкіндігін, күтілетін нәтижелерін және шығындар сметасының негізділігін ескереді. Барлық бастамашыл алматылық жастарды өз идеяларын жүзеге асыру үшін қолдау алу мүмкіндігін жіберіп алмауға шақырамыз», – деді Айболат Сембиев.

Ол сондай-ақ конкурс екі кезеңнен тұратынын хабарлады. Алдымен ұйымдастырушылар өтінімдердің белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Одан кейін тәуелсіз конкурстық комиссия жобаларды қарап, жеңімпаздарды анықтайды. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, ғылыми және білім беру қоғамдастығының өкілдері, кәсіпкерлік, медиа және азаматтық қоғам институттары саласындағы сарапшылар кіреді. Комиссияның барлық отырыстары ашық форматта өтіп, тікелей эфирде көрсетіледі.

Грант алғаннан кейін де жобаларды ұйымдастырушылар сүйемелдеуді жалғастырады. Жеңімпаздар әр үш ай сайын өз бастамаларының іске асырылу барысы туралы есеп береді. Ал бір жыл ішінде ұйымдастырушылар бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді пайдаланылуына мониторинг жүргізеді.

Конкурс туралы толық ақпарат, қатысушыларға қойылатын талаптар және құжаттарды тапсыру тәртібі @qsa_almaty парақшасында жарияланған. Сондай-ақ аталған парақша арқылы қызықтырған сұрақтарға жауап алуға болады.

Анықтама үшін байланыс телефондары: +7 777 761 81 33, +7 702 862 9792.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/jasalmaty/press/news/details/1276434?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version