Ақтауда дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтау қаласында «Білім берудегі стратегиялық жаңғыру: жаңа конституциялық құндылықтар, үздіксіз сабақтастық және цифрлық технологиялардың тиімді интеграциясы» тақырыбында қалалық Тамыз кеңесі өтті.

Жиынға Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер, сала мамандары және арнайы шақырылған сарапшылар қатысты.

Іс-шара барысында Ақтау қаласының білім беру жүйесінің 2025–2026 оқу жылындағы негізгі нәтижелері мен жетістіктері сараланып, жаңа 2026–2027 оқу жылына арналған басым бағыттар таныстырылды.

Қалалық Тамыз кеңесі барысында білім беру саласындағы жетістіктерді дәріптеумен қатар, жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттары айқындалды. Білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, білім мен тәрбиенің сабақтастығын қамтамасыз ету және заманауи цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мәселелеріне басымдық берілді.

Қала басшысы Әбілқайыр Байпақов ұстаздық еңбектің қоғамдағы айрықша маңызын атап өтіп, педагогтер қауымына жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.

«Алты алаштың басы жиылса, төр – ұстаздікі» демекші, ұстаз мәртебесі әрқашан биік болуы керек. Басталғалы жатқан жаңа оқу жылы барша ұстаздар қауымы үшін жемісті де нәтижелі болсын. Шәкірттеріңіз үкілеген үміттеріңізді ақтап, биік белестерді бағындыра берсін. Еңбектеріңіз еселеніп, білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу жолындағы игі істеріңіз әрдайым өз нәтижесін берсін, — деді Әбілқайыр Байпақов.

Жиында жаңа конституциялық құндылықтарды білім алушылардың бойына сіңіру, білім мен тәрбиенің сабақтастығын қамтамасыз ету, мектеп мәдениетін дамыту, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, білім сапасын жетілдіру және цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – білім беру жүйесінің маңызды міндеттері екені атап өтілді.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылында білім беру саласындағы озық тәжірибелерді кеңінен енгізу, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру және білім алушыларға сапалы әрі заманауи білім беруге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру көзделіп отыр. Іс-шара барысында білім беру саласында жоғары нәтижелер көрсетіп, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген үздік педагогтер марапатталды. Жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1276725?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version