БІЛІМ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ: ТӨЛЕБИДЕ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Төлеби ауданында жаңа оқу жылы қарсаңындағы дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбын арқау еткен келелі жиын білім саласының жаңа белеске қадам басқан кезеңіндегі маңызды міндеттерді саралап, ұстаздар қауымының кәсіби ізденісіне бағыт-бағдар берді.
 
Төлеби ауданы Жастар ресурстық орталығының ғимаратында өткен жиынға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығы директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Динара Айкөзова, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева, білім саласының қызметкерлері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
 
Жиында сөз алған аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ел болашағын қалыптастырудағы педагог еңбегінің айрықша маңызына тоқталды.
 
«Мемлекет басшысының сіздерді “ұлттың шамшырағы” деп атауы – ұстаз еңбегіне берілген жоғары бағаның айқын көрінісі. Шын мәнінде, ұстаз – балаға білім беріп қана қоймай, оның жүрегіне адамгершілік певцын отансүйгіштіктің, адалдық пен жауапкершіліктің дәнін себетін, тұлға қалыптастыратын үлкен жүректі жан.
 
Бүгінде мемлекет тарапынан педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға, олардың еңбегін материалдық және моральдық тұрғыдан ынталандыруға айрықша мән берілуде. Мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа білім беру нысандары бой көтеруде. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері де білім беру үдерісіне батыл енгізіліп келеді.
 
Білім саласындағы бүгінгі өзгерістер мен жаңа міндеттердің түпкі мақсаты – ел ертеңін қалыптастыратын, білімді әрі бәсекеге қабілетті, заңды құрметтейтін, ұлттық құндылықтарды жүрегіне сіңірген саналы ұрпақ тәрбиелеу.
 
Жаңа оқу жылында баршаңызға толағай табыс, кәсіби шабыт пен шығармашылық серпін тілеймін. Шәкірттеріңіз білім биіктерін бағындырып, еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер!» – деді аудан әкімі.
 
Жиын барысында білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, жас ұрпақтың болашағына бағыт сілтеп жүрген бірқатар ұстаздың еңбегі еленді. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі қажырлы еңбегі, кәсіби біліктілігі және білім саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар педагог Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаты, Түркістан облысы білім басқармасының Грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталды.
 
Сондай-ақ шәкірттердің білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың жан-жақты дамуына, тұлғалық қалыптасуына айрықша үлес қосып жүрген бірқатар мұғалімге Төлеби ауданы әкімінің Алғыс хаты табысталды.
 
Марапаттарды аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы Әлімқұлов табыстап, ұстаздарға шығармашылық ізденіс, кәсіби табыс және жаңа оқу жылында биік жетістіктер тіледі.
 
Тамыз кеңесінде өткен оқу жылындағы аудан білім беру саласының жетістіктері сараланып, алдағы кезеңнің басым бағыттары айқындалды. Жаңа оқу жылында білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін одан әрі жетілдіру, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамыту бағыттарына басымдық берілетіні айтылды.
 
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-tolebi-audany/press/news/details/1278282?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version