МӘЛІМЕТ САҒАТЫ.

Жарияланды:

Автор:

категорияда
МӘЛІМЕТ САҒАТЫ – “Зейнетақыны тағайындау тәртібі” туралы
Бақберді Асанов – №2 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы.
«Зейнетке қашан шығамын? Қандай құжаттар қажет? Еңбек өтілім қалай есептеледі?»
Бұл – зейнеткерлік жасқа жақындаған азаматтарды жиі толғандыратын сұрақтардың бірі. Зейнеткерлік жасқа жету – әр азаматтың өміріндегі маңызды кезең. Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен реттеледі. Кодексте азаматтардың зейнетақы алу құқығы, еңбек өтілін есептеу, зейнетақы мөлшерін айқындау, қажетті құжаттарды ұсыну және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібі белгіленген.
Қазақстан Республикасында 2026 жылы жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау ерлерге – 63 жастан, әйелдерге – 61 жастан жүзеге асырылады. 5 және одан да көп бала туған немесе асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жаста зейнетке шығуға құқылы.
Зейнетақы жүйесінде азаматтың алатын төлемі негізінен үш бөліктен қалыптасады:
1. Базалық зейнетақы – зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты мемлекет тарапынан төленеді.
2. Ынтымақты зейнетақы – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және зейнетке шығу кезінде ескерілетін табыс мөлшері негізінде есептеледі.
3. Жинақтаушы зейнетақы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақтар есебінен төленеді.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдері де өзгерді. Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге, ал ең жоғары мөлшері 60 005 теңге болып белгіленді.
Жасына байланысты зейнетақы төлемі
Бұл төлемді есептеу кезінде, ең алдымен, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және заңнамаға сәйкес есепке алынатын кіріс мөлшері ескеріледі.
Осыған байланысты еңбек өтілін растайтын құжаттардың толық әрі дұрыс болуы өте маңызды.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі есепке алынады. Бұл еңбек өтілі ең алдымен еңбек кітапшасы арқылы расталады.
Егер еңбек кітапшасы жоқ болса, жоғалған немесе жарамсыз болса, сондай-ақ онда тиісті жазбалар болмаған, түзетулер, дәлсіздіктер немесе жазбаларды оқуда сәйкессіздіктер болған жағдайда, еңбек өтілін мына құжаттармен растауға болады:
• архив мекемесінің анықтамасы;
• жұмыс орнынан берілген анықтама;
• мемлекеттік немесе ведомстволық архивтің уәкілетті қызметкері ЭЦҚ-мен куәландырған архивтік құжаттың электрондық көшірмесі;
• еңбек қызметін растайтын өзге де құжаттар;
• архивтік құжаттармен растау мүмкін болмаған жағдайда, сот шешімі.
Сонымен қатар еңбек өтілінің жекелеген кезеңдерін растау үшін жағдайға қарай білім туралы құжат, әскери билет немесе қорғаныс істері жөніндегі басқарманың анықтамасы, балалардың туу туралы куәліктері және басқа да растайтын құжаттар ұсынылуы мүмкін.
Қорытындылай келе, зейнетақыны уақтылы әрі дұрыс тағайындау үшін азаматтардың зейнеткерлік жасқа алдын ала дайындалғаны маңызды. Еңбек өтілін растайтын құжаттарды ретке келтіріп, қажетті мәліметтердің толықтығын тексеру зейнетақы тағайындау процесін жеңілдетеді. Әр азамат өз құқықтары мен заңнамада белгіленген талаптарды біліп, қажетті жағдайда уәкілетті органдардан кеңес алғаны жөн.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-uko/press/news/details/1277597?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version