Мәртөк гимназиясының түлегі Стэнфорд университетіне оқуға түсті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының №2 мектеп-гимназиясының түлегі Алдажарова Аружан Мұратқызы әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі — Калифорниядағы Стэнфорд университетіне оқуға түсті.

Аружан АҚШ университеттеріне түсу үшін халықаралық емтихандар тапсырған. Себебі ондағы жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде ҰБТ нәтижелері есепке алынбайды екен. Аружанның SAT нәтижесі — 1600 балдың ішінен 1590 балл, ал IELTS нәтижесі — 8,0 балл.

«Мен Стэнфорд университетіне SAT бойынша 1590 және IELTS бойынша 8,0 нәтижесімен құжат тапсырдым. АҚШ университеттеріне түсу кезінде ҰБТ қабылданбайды, сондықтан олардың талаптарына сәйкес халықаралық стандартталған тестілерді тапсырдым. Университеттер өз шешімдерін әдетте наурыздың соңы мен сәуірдің басында шығарады. Мен де сол кезде Стэнфордқа қабылданғанымды білдім», — деді Аружан Алдажарова.

Аружанның Стэнфордқа түсуі — бірнеше жылдық жүйелі дайындық пен білім сайыстарына қатысудың нәтижесі. Ол Республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы, облыстық пән олимпиадасының екі дүркін жүлдегері, сондай-ақ «Алтын белгі» иегері.

Сонымен қатар Аружан халықаралық FLEX (Future Leaders Exchange) білім беру бағдарламасының жартылай финалисі атанды. Мектеп қабырғасында ол экономика саласында авторлық жобалар әзірлеп, зерттеу және талдау дағдыларын дамытқан.

Аружанның жетістігінің ерекшелігі — әлемдегі ең бәсекелі университеттердің біріне түсуге қажетті дайындықты мемлекеттік, аудандық мектепте білім ала жүріп жүргізгені.

«Мен үшін Стэнфордқа түсу — бірнеше жылдық еңбектің нәтижесі. Маған білім берген ұстаздарыма қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Мен ең алдымен өзіме туған жеріңнің немесе тұратын жеріңнің білім алуға және үлкен мақсаттарға жетуге кедергі болмауы керек екенін дәлелдегім келді», — деді Аружан.

Мәртөк гимназиясы түлегінің Стэнфорд университетіне түсуі Ақтөбе облысы үшін маңызды жетістік әрі өңір мектептерінде білім алып жатқан дарынды оқушылар үшін үлкен мүмкіндік бар екенін көрсететін мысал.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1278007?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version