Суға батудан аман қалғандардың арасында сегіз бала бар. Өңірде шомылу маусымының қалай өтіп жатқаны туралы @pavlodar.rsk алаңында төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Тілекжан Галямов айтып берді. Өкінішке орай, қабылданып жатқан алдын алу шараларына қарамастан, Павлодар облысында 7 адам суға батып кетті, оның екеуі — кәмелетке толмағандар. Сонымен қатар, бірден 49 адам құтқарылды, олардың қатарында екі бала бар. – Су айдындарында адам өлімінің басты себебі — шомылуға тыйым салынған орындарда және мас күйінде суға түсу, – деп атап өтті спикер. – Судағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан жеті адамның алтауы шомылуға жабдықталмаған жерлерде батып кеткен. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар орнатқан «Шомылуға тыйым салынады» белгілерін тұрғындардың әдейі алып тастаған жағдайлары да кездеседі. Қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін өңірде 300-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, шағын көлемді кемелерді мас күйінде басқарғаны үшін бес қылмыстық іс тіркелді. Павлодар облыстық ТЖД өңір тұрғындары мен қонақтарын өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады: тек рұқсат етілген жерлерде шомылу, суға мас күйінде кірмеу, балаларды қараусыз қалдырмау және шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-audan/press/news/details/1277187?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау