Ақтөбе облысының әкімі Әлем чемпионын қабылдады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Словакияның Братислава қаласында грек-рим күресінен U20 санаты бойынша әлем чемпионы атанған Қазыбек Қалмағамбетовті, оның анасы Қызжібек Құрбанәліқызын және спортшының бапкерлерін қабылдады.

Кездесуде өңір басшысы жас спортшыны жеңісімен құттықтап, бұл жетістік Ақтөбе спортының ғана емес, Қазақ елінің мәртебесін арттырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдің ертеңі – жастарға ерекше сенім артып келеді. Жастардың талабын тұсауламай, талантына қанат бітіріп, білім мен ғылымға ұмтылуына, өнер мен мәдениетке, спортқа ден қоюына кең жол ашып отыр. Біздің міндетіміз – осы мүмкіндікті дұрыс пайдалана алатын, еліне адал қызмет ететін, тәртіпті әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеу. Ата Заңда «Заң мен тәртіп» қағидаты айқын көрсетілді. Заңды құрметтеу, белгіленген тәртіпті сақтау, өз ісіне жауапкершілікпен қарау – азаматтық мәдениеттің негізі. Спортшы үшін тәртіп жаттығу залынан басталса, қоғам үшін тәртіп күнделікті өмірден басталады.
Сен Ақтөбе спортының тарихына жаңа есім, жаңа белес қостың. Бұл жеңіс – ең алдымен табандылығың мен тынымсыз еңбегіңнің нәтижесі. Сонымен бірге ата-анаңның тәрбиесі, ұстаздарың мен бапкерлеріңнің еңбегі және елімізде спортты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі», – деді облыс әкімі.

Асхат Шахаров Қазыбек пен оның анасын, жеке бапкері Нұртас Утепбергенов және Саясат Шаңғытбаевты «Алғыс хатпен» марапаттап, алғашқы жаттықтырушысы Мұхамеджан Зарлықовқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.

Братиславадағы жарыста 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында үздік шыққан Қазыбек Қалмағамбетовтің алтын медалі – Ақтөбе өңірінің грек-рим күресі тарихында алғашқы.

Жас балуан грек-рим күресімен 2015 жылдан бері айналысып келеді. 2019 жылдан бастап Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алуда. 2021 жылы U15 Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, 2023 жылы U17 Қазақстан чемпионы атанып, Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленген.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1278428?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version