Ашық аспан астындағы жаттығулар: Астанада тегін спорт жобаларына 42 мыңнан астам тұрғын қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада бұқаралық спортты дамытуға және белсенді өмір салтын насихаттауға бағытталған тегін әлеуметтік спорт жобалары жүзеге асырылып жатыр. 2026 жылдың жазғы маусымында іске асырылып жатқан бастамалар шамамен 42 мың адамды қамтыды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ең көп сұранысқа ие бағыттардың қатарында Aula Fit, «Өзіңнен баста» әлеуметтік спорт жобасы, ашық аспан астындағы скандинавиялық жүріс, йога және Street Workout бар. Жаттығулар елорданың барлық ауданындағы ашық спорт алаңдарында – аулаларда, саябақтарда және басқа да қоғамдық орындарда өткізіледі. Осының арқасында әр жастағы тұрғындар жаттығуларға қатысып, өздеріне қолайлы түрін түрін таңдай алады.

Осындай жобалардың бірі – Aula Fit. Оның биылғы кезекті жазғы маусымы 15 маусымда басталды. Жаттығулар елорданың барлық алты ауданындағы 30 аула алаңында ұйымдастырылған.

Жаттығуларға балалар да, аға буын өкілдері де қатысады. Есепті кезеңде жоба шамамен 6 мың адамды қамтыды.
«Өзіңнен баста» әлеуметтік спорт жобасы да үлкен танымалдыққа ие. Жаттығулар Триатлон паркінде және Ботаникалық бақта өтеді.

Есепті кезеңде жаттығуларға шамамен 13 мың адам қосылды. Бірінші айда офлайн жаттығуларға 6,4 мың адам қатысса, екінші айда олардың саны 8 мыңнан асты. Сонымен қатар жоба әлеуметтік желілерде де үлкен қолдауға ие болды.

Тағы бір сұранысқа ие бағыт – ашық аспан астындағы тегін жаттығулар. Мәселен, йога сабақтарына шамамен 11 мың адам қатысты, ал скандинавиялық жүріске шамамен 7 мың тұрғын қосылды.

Street Workout (Workout City) бағыты да белсенді дамып келеді. Жаттығулар Орталық саябақ пен Ботаникалық бақта өткізіледі. Тек алғашқы айдың өзінде оған 2,3 мыңнан астам адам қатысты, ал есепті кезеңдегі жобаның жалпы қамту көрсеткіші шамамен 5 мың қатысушыны құрады.
Осылайша, елордадағы бес тегін спорт жобасына қатысушылардың жалпы саны шамамен 42 мың адамды құрады.

«Біздің негізгі міндеттеріміздің бірі – спортпен шұғылдануды елорда тұрғындары үшін барынша қолжетімді ету. Бұл жобалардың барлығы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында да жүзеге асырылып, нашақорлықтың алдын алуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және пайдалы әдеттерді қалыптастыруға бағытталған. Балалар мен жастарға ерекше көңіл бөлеміз.

Жазғы демалыс кезінде балалар спортпен тегін айналысып, жаттығулар мен түрлі спорттық шараларға қатысып, бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізе алады. Тұрғындардың қызығушылығы жоғары екенін көріп отырмыз және тұрақты дене белсенділігінің әр отбасының күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналғанын қалаймыз», – деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айткалиева.

Қолданыстағы жобалармен қатар, тамыз айында елордада ASTANA SPORT POWER FEST жобасының екінші маусымы басталды. Ол да бұқаралық спортты дамытуға және салауатты қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған. Жоба Астана қаласы әкімдігі мен елорданың Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында өткізіліп жатыр.

ASTANA SPORT POWER FEST – елорда тұрғындары мен қонақтары түрлі белсенділікке тегін қатыса алатын ашық спорт алаңы. Іс-шаралар Атырау көпірі ауданындағы Орталық саябақта өтеді.
Жобаның екінші маусымы төрт кезеңнен тұрады. 15 тамыздан 5 қыркүйекке дейін әр сенбі сайын сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін қатысушыларды ашық жаттығулар, спорттық жарыстар, байқаулар мен қимылды ойындар күтеді.

Астанада жазғы спорт маусымы жалғасып жатыр, сондықтан елорда тұрғындары тегін жаттығуларға әлі де қатыса алады. «Өзіңнен баста» жобасы 6 қыркүйекке дейін, скандинавиялық жүріс пен ашық аспан астындағы йога сабақтары 8 қыркүйекке дейін, Aula Fit 15 қыркүйекке дейін, Street Workout 22 қыркүйекке дейін жалғасады. ASTANA SPORT POWER FEST іс-шаралары 5 қыркүйекке дейін әр сенбі сайын өткізіледі.
Жаттығулардың кестесі, өткізілетін орындар және қатысу шарттары туралы толық ақпаратты Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми интернет-ресурстарынан алуға болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1278349?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version