Көкшетау қаласы баскетболдан Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиындарын өткізу алаңына айналды. Қазір спортшылар көпфункционалды Kokshe Arena кешенінің базасында қыркүйек айында Жапонияда өтетін алдағы Азия ойындарына дайындық жүргізуде.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жаттығу барысын көріп, спортшылар және жаттықтырушылар штабымен кездесіп, команданың алдағы жарыстарға дайындығын және өңірдегі әйелдер баскетболын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Ұлттық құрама сапында 12 баскетболшы бар, оның сегізі көкшетаулық «Оқжетпес» клубының намысын қорғайды. Құрама бас жаттықтырушысы әрі «Оқжетпес» БК аға жаттықтырушысы Борис Фаткулиннің жетекшілігімен спортшылар алдағы халықаралық жарыстарға дайындық аясында қарқынды жаттығулар өткізіп, тактикалық және ойын барысындағы өзара іс-қимылды пысықтауда.
«Ақмола облысы үшін ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынын қабылдау — үлкен мәртебе. Жаттықтырушылардың кәсібилігі, табанды еңбек пен командалық рухтың арқасында Азия ойындарында Қазақстанның намысын лайықты қорғайтыныңызға сенімдімін. Еңбектеріңіз жоғары нәтижелерге жеткізіп, жанкүйерлерді қуантсын», – деді өңір басшысы.
Борис Фаткулиннің айтуынша, Көкшетауда спортшыларды толыққанды даярлауға қажетті барлық жағдай жасалған.
«Бұл оқу-жаттығу жиынының дәл Көкшетауда өтіп жатқанына өте қуаныштымыз. Мұнда команданың толыққанды дайындығына қажетті барлық жағдай бар: заманауи жаттығу залы, тұруға және тамақтануға қолайлы жағдай, көлікпен қамтамасыз ету. Облыс басшылығы мен клуб тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды ерекше атап өткім келеді. Бірлескен жұмыстың арқасында спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындалуына барлық мүмкіндік жасалған», – деді ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы.
Өңірде жасалған жағдайларды ескере отырып, қазіргі уақытта Көкшетау қаласын баскетболдан Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиындарын өткізетін негізгі базалардың біріне айналдыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынын облыс орталығында өткізу өңірдегі спорт инфрақұрылымының дамып келе жатқанының тағы бір көрсеткіші болды. Жаңа спорт маусымында Kokshe Arena ірі жарыстарды өткізетін негізгі алаңдардың біріне айналады. Мұнда Қазақстан кубогы мен ел чемпионатының ойындары, сондай-ақ әйелдер баскетболынан халықаралық жарыстар өткізу жоспарланған.
Көкшетаулық «Оқжетпес» баскетбол клубы да дамуын жалғастыруда. Жаңа маусымда команда құрамы ұлттық құрама баскетболшыларының ауысуы есебінен күшейтілді. Клуб қазақстандық спортшыларға басымдық беріп, команданың негізгі құрамын отандық ойыншылармен жасақтауға мән беріп отыр.
Ақмола облысында әйелдер спортын дамыту өзге де командалық спорт түрлерін қамтиды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша өңірде «Оқжетпес» әйелдер волейбол командасы құрылды. Команда жаттығу процесін бастап, Жоғары лигада өнер көрсетуге дайындалуда. Алдағы уақытта команда алдында Ұлттық лига деңгейіне көтерілу міндеті тұр.
Команданың негізгі құрамын Ақмола облысының волейболшылары құрайды. Бас жаттықтырушы қызметіне тәжірибелі маман Тимур Джарлагасов шақырылды. Ол – волейболдан кәсіби жаттықтырушы, Қазақстан әйелдер құрамасының U-18 бас жаттықтырушысы. Спорттық мансабы барысында ол бірқатар отандық клубтармен және жастар командаларымен жұмыс істеген. Волейбол командасының жаттығу процесі де Kokshe Arena кешенінің базасында өтуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1278433?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау