Орталық Қазақстанда Пржевальский жылқысының алғашқы құлыны дүниеге келді – халықаралық реинтродукция бағдарламасының маңызды нәтижесі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 22 тамызда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы «Әліби» жабайы тұяқты жануарларды реинтродукциялау орталығында Пржевальский жылқысының алғашқы құлыны дүниеге келді. Бұл – түрді тарихи мекендеу ортасына қайтару жөніндегі халықаралық бағдарлама аясында Қазақстанға әкелінген жылқылардан алынған алғашқы төл.

Құлынның дүниеге келуі реинтродукция бағдарламасын іске асырудағы маңызды нәтиже және жануарлардың Қазақстан даласының табиғи жағдайларына сәтті бейімделгенін көрсетеді. Табиғи жолмен көбею қабілеті жануарлардың қолайлы жағдайда тіршілік етіп жатқанын және алдағы уақытта Пржевальский жылқысының тұрақты популяциясын қалыптастыру мүмкіндігін көрсететін негізгі көрсеткіштердің бірі болып табылады.

Алғашқы болып еркек құлын дүниеге келді. Туғаннан кейін көп ұзамай ол өздігінен аяғына тұрып, биенің соңынан еріп, сүтін еме бастады. Мамандардың бақылауы бойынша, екеуінің де жағдайы жақсы.

Құлынның енесі – 2024 жылы Берлин Тирпаркінен Қазақстанға жеткізілген жеті жасар Тесса атты бие. Бұл – оның алғашқы төлі. Тесса аналық мінез-құлық танытып, үнемі құлынының жанында жүреді, оны бақылап әрі қорғайды, сонымен қатар құлынның айналасын өздігінен зерттеуіне мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта құлын енесімен және үйірімен бірге жүр. Мамандар жануарлардың жағдайын, мінез-құлқы мен қозғалысын бақылап, тұрақты мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Енді бағдарлама аясында Қазақстанға әкелінген ересек жануарлардың бейімделуімен қатар, тікелей Қазақстан даласында дүниеге келген Пржевальский жылқыларының алғашқы ұрпағының өсіп-жетілуі туралы да деректер жиналатын болады.

Пржевальский жылқысы (керқұлан, кертағы) – Еуразияда сақталған жабайы жылқылардың соңғы түрі. ХХ ғасырда бұл түр жабайы табиғаттан жойылып кеткенімен, хайуанаттар бақтарында өсіру және халықаралық реинтродукция бағдарламаларының арқасында сақталып қалды. Бүгінде Қазақстан осы түр табиғи мекендеу ортасына қайта оралып жатқан елдердің бірі.

Пржевальский жылқысын Қазақстанға қайтару бағдарламасы 2024 жылы басталды. Алғашқы жеті жылқы Еуропаның хайуанаттар бақтарынан жеткізіліп, «Алтын Дала» резерватының аумағындағы «Әліби» реинтродукциялау орталығына орналастырылды. Мұнда жылқылар арнайы дайындалған кең қоршауларда қажетті жерсіну кезеңінен өтіп, даланың климатына, қоректік базасына және басқа да табиғи жағдайларына біртіндеп бейімделді.

2025 жылы Қазақстанға тағы жеті жылқы, ал 2026 жылы сегіз жылқы жеткізілді. Бағдарлама аясында 2029 жылға дейін Қазақстанға шамамен 40 Пржевальский жылқысын әкелу жоспарланып отыр.

Алғашқы төлдің дүниеге келуі бағдарламаның жаңа кезеңін білдіреді. Оның түпкі мақсаты – табиғи мекендеу ортасында өздігінен көбейе алатын Пржевальский жылқысының тұрақты популяциясын қалыптастыру және түрді оның тарихи таралу аймағында қалпына келтіру.

Анықтама
Пржевальский жылқысы (керқұлан, кертағы) – Еуразияда сақталған жабайы жылқылардың соңғы түрі. Ол Орталық Азияны зерттеуші Н.М. Пржевальскийдің құрметіне аталған. 1876–1877 жылдары Жоңғарияға жасаған екінші экспедициясы кезінде ол жергілікті аңшылар аулаған, ғылымға белгісіз жабайы жылқының терісі мен бас сүйегін алған. Кейін олар Санкт-Петербургтегі Зоология музейіне тапсырылды. 1878 жылы зоолог И.С. Поляков бұл жануарды ғылым үшін жаңа түр ретінде сипаттады.

Табиғи мекендеу ортасының қысқаруы, үй жануарларымен бәсекелестік және аңшылық салдарынан Пржевальский жылқысы жабайы табиғаттан жойылып кетті. Түрді хайуанаттар бақтарында өсіру арқылы сақтап қалу мүмкін болды. Жабайы табиғаттағы соңғы үйір 1969 жылы Моңғолияда байқалған. Кейіннен түрді табиғи мекендеу ортасына қайтаруға бағытталған халықаралық бағдарламалар қолға алынды.

Қазақстанда реинтродукциялау үшін қажетті табиғи жағдайларға сай келетін әрі ірі елді мекендерден шалғай орналасқан «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы таңдалды.

Жоба Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Прага хайуанаттар бағы, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСА), Франкфурт зоологиялық қоғамы, Нюрнберг хайуанаттар бағы, Берлин Тирпаркі және «Хортобадь» ұлттық паркінің ынтымақтастығы арқасында, Лейбниц атындағы хайуанаттар бағы мен жабайы табиғатты зерттеу институтының (IZW) ғылыми және ветеринариялық қолдауымен жүзеге асырылуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1278437?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version