Қарқаралыда жаңа жедел басқару орталығы іске қосылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарқаралы ауданында тұрғындар мен туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар күшейтіліп келеді. Аудан орталығында заманауи Жедел басқару орталығы жұмысын бастады. Ол елді мекенде орнатылған бейнебақылау камераларының барлығын біртұтас жүйеге біріктіріп, полицияға жағдайды нақты уақыт режимінде бақылап, оқиғаларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйеде ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы онлайн мониторинг жүргізу және жасанды интеллект технологиялары қолданылады.

Қазірдің өзінде орталыққа көшелердегі, мектептер мен балабақшалардағы бейнебақылау камераларының басым бөлігі қосылған. Жүйенің алғашқы нәтижелері де бар.

— Бейнебақылау камералары Жедел басқару орталығына қосылғалы бері 40-тан астам құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, бірқатар қылмыс ашылды. Бұл — аудан орталығында заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беретін маңызды құрал, — деді Қарқаралы аудандық полиция бөлімінің бастығы орынбасары Бекұлан Ташмағанбетов.

Жаңа жүйенің маңызды бағыттарының бірі — ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану. Олардың көмегімен таулы аумақтарды бақылап, тауда адасып кеткен адамдарды жедел іздеуге мүмкіндік бар. Туристік әлеуеті жоғары Қарқаралы ауданы үшін бұл мүмкіндіктің маңызы ерекше.

— Қарқаралы — туристік әлеуеті жоғары өңір. Мұнда еліміздің түрлі аймақтарынан демалушылар келеді. Кейде тауға шыққан адамдар адасып жатады. Сондықтан дрондардан түсірілген бейнематериалдарды Жедел басқару орталығынан онлайн режимде бақылау мүмкіндігінің маңызы зор, — дейді Қарқаралы қаласының әкімі Аслан Рахымбергенов.

Жүйені одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Полиция жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау камераларының санын арттыруды көздейді. Олар белгілі бір құқық бұзушылық белгілерін автоматты түрде анықтап, ақпаратты полиция қызметкерлеріне жедел әрекет ету үшін жібере алады. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімі үшін қосымша ұшқышсыз ұшу аппаратын сатып алу мәселесі қарастырылуда.

Жедел басқару орталығының жұмысын Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Қақажанов жұмыс сапары барысында бағалады. Ол бейнебақылау желісін одан әрі кеңейтіп, қауіпсіздік жүйесін цифрландыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Қарағанды облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша

По информации пресс-службы ДП Карагандинской области

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1278420?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version