ТМҰ-ҒА МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ САЙЛАУ ЖҮЙЕЛЕРІ ТУРАЛЫ АЛҒАШҚЫ ҰЖЫМДЫҚ ЖИНАҚ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы қарсаңында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары Консультативтік платформасының жұмыс отырысы өтті. Кездесу Қазақстандағы конституциялық дамудың жаңа кезеңі аясында өтіп, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан арасындағы тәжірибе алмасуға және сайлау процесінің өзекті мәселелерін талқылауға арналған пікір алмасу алаңына айналды.

Отырысты ашқан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары Консультативтік платформасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров қатысушыларды жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның негізгі ережелерімен таныстырып, алдағы сайлаудың тарихи маңызына тоқталды.

Ол жаңа Құрылтайдың қалыптасуы жаңартылған өкілді билік жүйесінің жұмысын бастауын білдіретінін және азаматтардың мүдделерін ескере отырып, мемлекеттік институттарды одан әрі дамытуға бағытталған жаңа конституциялық модельді іске асырудың маңызды кезеңі болып табылатынын атап өтті.

Отырыста «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің сайлау жүйелері» атты ағылшын тіліндегі ұжымдық жинақтың таныстырылымы өтті.

Басылымды әзірлеу туралы шешім 2025 жылғы 28 қарашада Бішкек қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары Консультативтік платформасының жұмыс отырысында, Қазақстан Республикасының ТМҰ-ға 2025-2027 жылдардағы төрағалығы кезеңіне арналған іс-шаралар жоспарын талқылау барысында қабылданған болатын.

Жинақ Платформа қызметінің практикалық нәтижелерінің бірі әрі ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының бірлескен ғылыми және сараптамалық жұмысының жалғасы болып табылады.

«Бұл бірегей басылымда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстандағы сайлауды ұйымдастырудың ұлттық модельдерінің ерекшеліктері, сайлау процесінің құқықтық реттелуі және сайлау органдарының қызметі туралы материалдар қамтылған. Алғаш рет ТМҰ мүше бес мемлекеттің сайлау жүйелері бірыңғай форматта ұсынылып отыр. Басылым одан әрі кәсіби өзара іс-қимылды дамытуға, ғылыми тәжірибе алмасуды кеңейтуге және ұлттық тәжірибені өзара зерделеуге арналған практикалық құралға айналады деп сенемін. Сондай-ақ ол сайлау жүйелерін жетілдірудің заманауи тәсілдерін әзірлеуге ықпал етеді», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Отырыс барысында ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының басшылары баяндама жасап, сайлау процестерін ұйымдастырудағы ұлттық тәжірибелерімен бөлісті.

Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мазаир Панахов Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасын құру жөніндегі аса маңызды әрі өзекті бастамасы үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

Қырғызстанның Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Тынчтык Шайназаров аталған жинақтың әлеуетіне тоқталды. Ол жинақты түпкілікті нәтиже ретінде емес, одан әрі кәсіби диалог орнатуға, тәжірибе алмасуға және сайлау процестерінің дамуының заманауи үрдістерін бірлесіп зерделеуге арналған негіз ретінде қарастыратынын атап өтті.

Өз кезегінде Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Сердар Мутта атқарылып жатқан жұмысты жоғары бағалайтынын айтып, Консультативтік платформа жанындағы дипфейктердің сайлау процесіне ықпалы мәселелері жөніндегі Жұмыс тобының қызметіне тоқталды.

Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев өз кезегінде ұсынылған монографияның кешенді тәсіл, авторлар құрамының әр түрлілігі, тақырыптардың өзектілігі және практикалық маңыздылығы секілді артықшылықтарын атап өтті.

ТМҰ кеңістігінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан өзгерістер мен қол жеткізілген нәтижелердің кеңінен талқыланып отырғаны атап өтілді. Осы тұрғыда сайлау органдары арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету, кәсіби диалогты кеңейту және сайлауды өткізудің заманауи тәсілдерін дамыту тұрғысынан ерекше маңызға ие.

Сайлау кезеңіндегі дипфейктерге қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары Консультативтік платформасы жанындағы дипфейктердің сайлау процесіне ықпалы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ләззат Сүйіндік «Сайлау саласында дипфейктерді пайдалануға байланысты тәуекелдердің алдын алу және оларды барынша азайту қағидаттары» жобасын таныстырды.

Құжат ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары өкілдерінің бірлескен жұмысының қорытындысы бойынша әзірленді және сайлау ақпаратының шынайылығын қамтамасыз ету, жасанды интеллектіні пайдаланудың ашықтығы, жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау, қоғамды ақпараттандыру және құзыретті органдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етудің негізгі тәсілдерін айқындайтын сегіз қағидатты қамтиды.

«Технологиялардың дамуы сайлау органдарынан тек жаңа ден қою құралдарын ғана емес, сайлаудың ақпараттық ортасын қорғауға бағытталған үйлестірілген тәсілдерді де талап етеді. Жасанды интеллект санаулы минуттардың ішінде адамның дауысын, келбетін немесе айтқан сөздерін бұрмалауы мүмкін. Алайда ол фактілерді бұрмаламауы тиіс. Ақпараттың шынайылығын қорғай отырып, біз азаматтардың сайлауға деген сенімін қорғаймыз», – деген Ләззат Сүйіндік аталған құжаттың өзектілігіне тоқталды.

Айта кетейік, жоба бойынша жұмыс 2026 жылғы сәуірде Жұмыс тобының алғашқы отырысы аясында басталды. Мемлекеттер өкілдері практикалық тәжірибелерімен алмасып, тиісті органдардың ұлттық заңнамасы мен өкілеттіктерін ескере отырып қолдануға болатын ортақ бағдарларды қалыптастырды.

Отырыс барысында Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев жасанды интеллектінің дамуы сайлау органдарынан жекелеген жағдайларға ден қоюдан жүйелі бірлескен жұмысқа көшуді талап ететінін атап өтті.

«Бүгінде жасанды интеллект ақпаратты тарату тәсілдерін ғана емес, сайлау жүйелері тап болатын сын-қатерлердің сипатын да өзгертіп отыр. Дипфейктер кандидаттар мен қоғамдық процестерді қабылдауға ықпал ете алады, демек, сайлауға деген сенімге тікелей әсер етеді. Сондықтан біз үшін туындаған қауіптерге ден қоюмен шектелмей, оларды ерте анықтау, ақпаратпен жедел алмасу және бірлесіп жұмыс жасау аса маңызды. Консультативтік платформаның жұмыс тобын құру осы бағыттағы маңызды қадам болды. Ұлттық тәжірибені біріктіре отырып, ақпараттық қауіпсіздік, пікір білдіру еркіндігі және азаматтардың шынайы ақпаратқа құқығы арасындағы іргелі тепе-теңдікті сақтай отырып, жаңа ақпараттық қатерлерге қарсы іс-қимылдың ортақ кәсіби тәсілдерін қалыптастыра аламыз», – деп қорытындылады Нуру Гулиев.

Осы орайда, ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Жұмыс тобының мүшелерін практикалық тәсілдер мен ұсыныстар алмасуды жалғастыруға шақырды. Ол қатысушыларға ұлттық тәжірибе мен жаңа технологиялық сын-қатерлерді ескере отырып, құжатты одан әрі дамыту жөнінде өз ұсыныстары мен бастамаларын енгізуді ұсынды.

Өз кезегінде Өзбекстан ОСК төрағасы Зайниддин Низамходжаев сайлау кезеңінде дипфейктерге қарсы іс-қимылдың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарын білдірді. Олардың қатарында Түркі мемлекеттері ұйымы аясында сайлауда дипфейктерді анықтау және оларды пайдаланудың алдын алу бойынша халықаралық ұсынымдар мен стандарттар әзірлеу, сайлау органдары қызметкерлеріне арналған мамандандырылған семинарлар мен тренингтер өткізу, технологиялық компаниялармен және жасанды интеллект саласындағы сарапшылармен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ дипфейктер анықталған жағдайда ақпарат алмасу және іс-қимылдарды үйлестіру платформасын құру ұсыныстар көзделген.

Анықтама үшін

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасын құру туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 3 қарашада Астана қаласында өткен ТМҰ-ның X мерейтойлық саммиті барысында көтерді.

Консультативтік платформаны құру туралы ұсынысты түркі мемлекеттерінің басшылары бірауыздан қолдап, ол 2024 жылғы 6 қарашада қабылданған ТМҰ XI саммитінің Бішкек декларациясында көрініс тапты.

Платформаның алғашқы отырысы 2025 жылғы мамырда Түркістан қаласында өтті. Отырыста Платформа туралы ережеге қол қойылды. 2025 жылғы мамырдан бастап екі жыл бойы Қазақстан Республикасы ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасына төрағалық етуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1278424?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version