ҰСТАЗДЫҢ ЖАҢАШЫЛ ІЗДЕНІСІ – САПАЛЫ БІЛІМНІҢ КЕПІЛІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
ҰСТАЗДЫҢ ЖАҢАШЫЛ ІЗДЕНІСІ – САПАЛЫ БІЛІМНІҢ КЕПІЛІ
 
Жаңа оқу жылы – ұстаз үшін жаңа міндеттер мен тың ізденістердің басталатын кезеңі. Бүгінгі білім беру жүйесі мұғалімнен тек білім беруді ғана емес, заман ағымына бейімделуді, жаңа технологияларды тиімді пайдалануды және әр баланың қабілетін ашуға бағытталған тың тәсілдерді меңгеруді талап етеді.
 
Осы орайда Жетісай ауданының педагогтары жаңа оқу жылына дайындықты пысықтап, өзара тәжірибе алмасу, жаңа идеяларды ортаға салу және білім саласындағы басым бағыттарды талқылау мақсатында дәстүрлі тамыз кеңесінде бас қосты.
 
«Жаңа халықтық конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында өткен кеңеске аудан әкімінің орынбасары Айдос Исмаилов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «Әділет» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Бағлан Ақтаев, Түркістан облыстық дарынды балаларды қорғау орталығының директоры Азат Әміртай мен педагогикалық шеберлік орталығының маманы Дәулет Әлиасқаров, аудандық білім бөлімінің басшысы Толқын Айгенжиева мен мектеп директорлары, ардагер ұстаздар мен ата-аналар кеңесінің өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
 
Басқосуда білім беру саласының бүгінгі ахуалы сараланып, жаңа оқу жылындағы негізгі міндеттер мен білім сапасын арттырудың тиімді жолдары сөз болды. Әсіресе, заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіру, оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамыту мәселелеріне басымдық берілді.
 
Кеңес барысында аудан педагогтары оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыруға, оқу материалын жеңіл әрі тартымды меңгертуге мүмкіндік беретін заманауи әдістері мен жобаларын көпшілік назарына ұсынып, инновациялық жобаларын таныстырды. Мультимедиялық мүмкіндіктерді пайдалану, оқу-әдістемелік үдерісті оңтайландыру, әр баланың қабілетіне қарай жұмыс жүргізу сияқты жаңа тәсілдердің тиімділігін, оқушының сабаққа белсенді қатысуына, өздігінен білім алуына және жаңа дүниелерді зерттеуге деген ынтасын қалыптастыруға жол ашатынын көрсетті.
 
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Айдос Исмаилов ұстаздықтың қоғам дамуындағы айрықша орнына тоқталып, педагогтерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім сапасын арттыруға, педагог мәртебесін көтеруге және адами капиталды дамытуға бағытталған бастамаларының маңызын атап өтті.
 
Шын мәнінде, білімнің сапасы – мемлекеттің ертеңіне салынған инвестиция. Ал, сол инвестицияның нәтижесін қалыптастыратын негізгі күш – ұстаз. Себебі, баланың бойындағы қабілетті байқап, оны дұрыс бағыттап, білімге деген қызығушылығын ояту үлкен жауапкершілікті талап етеді.
 
Тамыз кеңесінде осы жауапкершілікті абыроймен атқарып жүрген ұстаздар мен білім беру ұйымдарының еңбектері ескерусіз қалмады. Дарынды шәкірттерді тәрбиелеп, түрлі білім додаларында аудан абыройын асқақтатып жүрген педагогтерге және сала мамандарына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, аудан әкімінің және облыстық білім басқармасының алғыс хаттары табысталды.
 
Кеңес соңында аудан өнерпаздары мен мектеп оқушыларының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылып, білім саласы қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
 
«Жаңа оқу жылы – жаңа белестер мен жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Ал, сол белестерді бағындыруда ұстаздың кәсіби ізденісі, жаңашылдығы мен шәкіртке деген жауапкершілігі шешуші рөл атқарады.
Дәстүрлі тамыз кеңесінде айтылған ойлар мен ұсыныстар алдағы оқу жылында сапалы білім беруге, озық тәжірибені кеңінен таратуға және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған нақты жұмыстарға негіз болмақ» дейді ауданның бас ұстазы Толқын Айгенжиева.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1278627?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version