Бүгін, 21 тамыз күні Ақтау қалалық мәслихатының кезекті отыз төртінші сессиясы және тұрақты комиссияның отырысы өтті. Жиынға қалалық мәслихат төрағасы Сембіғали Зәкенов, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, қалалық мәслихат депутаттары мен әкімдік өкілдері қатысты.
Сессияның күн тәртібінде қала әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы, сондай-ақ қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөніндегі есебі тыңдалды. Сонымен қатар жылыту маусымына дайындық барысы, әлеуметтік көмек көрсетудің қағидаларын, оның мөлшерлерін белгілеу және көмекке мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау, Ақтау қаласы бойынша 2026 жылға арналған кондоминиум объектісін басқаруға арналған жарналардың ең төмен мөлшерін бекіту, Ақтау қалалық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау және өзге де бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов халық қалаулыларына Ақтау қаласында жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген негізгі көрсеткіштер туралы баяндады.
— Қазіргі таңда қала халқының саны 310 430 адамды құрап отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 632 адамға артық. Оның ішінде 416 сәби дүниеге келген. Қала халқының саны облыс бойынша жалпы халықтың 37,7 пайызын құрайды. 2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Ақтау қаласында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 165 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бері жалпы құны 30 млрд теңге болатын екі инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 114 жаңа жұмыс орны құрылды, — деді қала әкімі.
Ақтау қаласы мәслихатының тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысында қала жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының қазіргі жағдайы және олардың санын азайту шаралары, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған Ақтау қаласы бюджетінің орындалу барысы, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулардың уақтылы орындалуын қамтамасыз ету бағытында жауапты бөлімдердің атқарып жатқан жұмыстары талқыланды.
Жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар айтылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1279091?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау