Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдің алдағы жылу беру маусымына дайындығы қаралды.
Жиында энергетикалық инфрақұрылымның дайындығына назар аударылды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың айтуынша, негізгі кәсіпорындарда жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда.
Мәселен, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-да негізгі жабдықтар, атап айтқанда, №1 аккумуляторлық бак ауыстырылды, екі су жылыту қазандығына күрделі жөндеу, сондай-ақ екі түтін мұржасының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, №4 су салқындатқыштың (градирня) жөндеуі толық аяқталды.
«Aqtobe su-energy group» АҚ биыл инвестициялық бағдарлама аясында жылу желілерінің 1,8 шақырымын қайта жаңғырту бойынша бес жобаны жүзеге асыруда. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары жоспарына сәйкес жалпы ұзындығы 2,1 шақырымдық 22 жоба іске асырылып жатыр.
Ал «Энергосистема» ЖШС инвестициялық бағдарлама аясында 590,4 шақырым электр желісі қайта жаңғыртылып, 15 электр жабдығына жөндеу жүргізілуде. Жөндеу науқаны аясында қазірдің өзінде 304,7 шақырым желі мен 136 электр жабдығы күрделі жөндеуден өткен.
Арысұлан Айтбаевтың мәліметінше, облыстағы 1845 әлеуметтік нысанның тек 341-і ғана дайындық паспортын алған. Осыған байланысты облыс әкімі қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын жеделдетіп, барлық әлеуметтік нысан мен тұрғын үй қорын жылу беру маусымы басталғанға дейін толық дайындауды тапсырды.
«Алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау қажет. Негізгі міндет – жылу көздері мен жылу желілерінің техникалық дайындығын қамтамасыз ету, қажетті отын қорын қалыптастыру және әлеуметтік нысандарды қысқы кезеңге толық әзірлеу», – деді Асхат Шахаров.
Өңір басшысы өткен аптада Ақтөбе қаласындағы жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының барысымен танысқанын атап өтті.
Облыс әкімі қазандықтар мен жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын толық аяқтау, анықталған ақауларды жою, мектептер, балабақшалар, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандардың жылыту жүйелерін тексеруді тапсырды. Сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлердің ішкі жылыту жүйелерін дайындауға баса назар аударуды міндеттеді.
Бұдан бөлек, қажетті отын қорын қалыптастыру мәселесі тұрақты бақылауда болуы тиіс. Жылу беру кезеңінде төтенше жағдайларға жол бермеу үшін авариялық бригадалар, арнайы техниканың және қажетті материалдардың дайындығын қамтамасыз ету қажет.
Жылу беру маусымына дайындық жұмыстары – тұрақты бақылауда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1279179?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау