Ауданымыздың ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жылдың ең жауапты, әрі қарбалас кезеңі – егін жинау науқаны басталды.
Егістік алқаптарына ауыл шаруашылығы техникалары шығып, таңның атысынан күннің батысына дейін диқаншылар басты іске – өсірілген өнімді жинауға кірісті.
Диқан үшін егін жинау науқаны – бірнеше айға созылған еңбектің қорытындысы. Әрбір гектардың артында топырақты дайындау, егіс жұмыстары, егістікті күтіп-баптау және болашақ өнімге деген үздіксіз қамқорлық тұр.
Енді басты міндет – өсірілген өнімді ысырапсыз, әрі оңтайлы мерзімде жинап алу.
«Мустанг» шаруа қожалығында (басшысы – Виталий Любимов) егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Биыл шаруашылық 2906 гектар алқапқа бидай септі. Орташа өнімділік гектарына 25 центнерді құрады.
Мұнда заманауи техниканың тізгінінде орақ науқанына әбден төселген тәжірибелі механизаторлар – Александр Горяинов пен Василий Шоляк еңбек етуде. Олар егіс алқабында ұсақ-түйек болмайтынын жақсы біледі. Жұмысты дер кезінде бастау, техниканы дұрыс баптау және астықтың ысырап болуына жол бермеу – мол өнімнің кепілі.
Комбайндардың жанында КАМАЗ жүргізушісі Виталий Эргарт та тынымсыз еңбек етіп, жиналған астықты элеваторларға үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуде.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері егін жинау жұмыстарын сапалы, әрі оңтайлы мерзімде аяқтауға бар күш-жігерін жұмсауда.
Биылғы егін жинау науқаны еңбеккерлерімізге мол табыс әкеліп, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі берекелі де мол өніммен еселене берсін!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-sand/press/news/details/1278882?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау