Кишинев, 2026 жылғы 20 тамыз. ҚР Елшісі Алмат Айдарбеков Молдованың теміржол инфрақұрылымын реконструкциялау жобасын іске асыруға қатысып жатқан «Теміржол жөндеу» компаниясының қазақстандық мамандарымен кездесті.
Жоба аясында жалпы ұзындығы шамамен 250 км болатын Тигина – Бессарабка – Джурджулешты теміржол учаскесі реконструкциялануда. Жоба елдің теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға және көлік қатынасының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Кездесу барысында Елші атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, компания басшылығы және мамандарымен жобаны іске асырудың практикалық мәселелерін, сондай-ақ қазақстандық азаматтардың Молдовадағы еңбек ету және тұру жағдайларын талқылады.
Кездесуде Молдовада жүрген қазақстандық азаматтармен Елшіліктің өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. А.Айдарбеков отандастармен тұрақты байланысты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, Елшіліктің өз құзыреті шеңберінде қажетті консулдық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының қоғамдық-саяси өмірге қатысу мәселелері талқыланды. 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы қарсаңында Елші Молдовада жүрген және дауыс беру құқығына ие Қазақстан азаматтарын өздерінің сайлау құқығын пайдалануға шақырды.
Кездесу соңында А.Айдарбеков қазақстандық мамандарға маңызды инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қосқан кәсіби үлесі үшін алғыс білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Аталған жобаның іске асырылуы Қазақстан мен Молдова арасындағы практикалық ынтымақтастықтың нақты үлгісі болып табылады және екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың халықаралық инфрақұрылымдық жобалардағы ұстанымдарын нығайтуға ықпал етеді.
Қазіргі уақытта нысанда 300-ден астам маман жұмыс істейді, оның ішінде шамамен 20-сы – Қазақстан азаматтары.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kishinev/press/news/details/1278949?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау