Рингтегі жігер, қызметтегі жауапкершілік: полицей Бауыржан Қанатұлының қос қырлы жолы

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Полиция қызметі – жоғары жауапкершілікті, мықты тәртіпті және темірдей төзімділікті талап ететін абыройлы мамандық. Ал сол қасиеттерді спортпен шыңдап, қызметте де, өмірде де өзіне биік мақсат қоя білген азаматтардың жетістігі – кейінгі буынға үлгі.
Атырау қаласы полиция басқармасы Тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция капитаны Бауыржан Қанатұлы – қызмет пен спортты қатар алып, өз ісіне деген жауапкершілігін рингтегі жігерімен ұштастырып жүрген жас тәртіп сақшыларының бірі. 1997 жылы Түркістан облысында дүниеге келген Бауыржан Қанатұлы бала кезінен алға нақты мақсат қойып, сол мақсатына табандылықпен жетуге ұмтылып келеді. Бүгінде оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналған спортқа деген қызығушылығы да кездейсоқ басталған жоқ. Бокспен айналысқанына 10 жыл.
Он жыл – жай ғана уақыт өлшемі емес. Бұл – күн сайынғы жаттығу, тәртіп, төзім, жеңіс пен жеңілістен сабақ алу, өзіңді қайта-қайта сынау кезеңі. Бокс Бауыржан үшін тек спорт түрі емес, мінезді қалыптастыратын мектепке айналған. Ринг оған қарсыласты ғана емес, ең алдымен өзіңді жеңудің қаншалықты маңызды екенін үйретті. Спортта қалыптасқан тәртіп пен төзімділік оның қызметтік жолына да үлкен әсерін тигізіп келеді. Бауыржан Қанатұлы жоғары білімді бірнеше оқу орнында алып, кәсіби біліктілігін жетілдірген. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Шымкент аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің түлегі.
2019 жылы Малкеджар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында үш айлық кәсіби даярлықтан өтіп, полиция қызметін бастады. Еңбек жолын қалалық полиция басқармасында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы ретінде бастаған жас маман тәжірибе жинақтап, қызметтің қыр-сырын меңгерді. Халықпен тікелей жұмыс істеу, түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау, әсіресе жасөспірімдермен жұмыс жүргізу – оның кәсіби қалыптасуына айтарлықтай тәжірибе берді.
2024 жылдың мамыр айынан бастап тергеу саласына ауысып, тергеуші қызметінен аға тергеуші лауазымына дейін көтерілді. Бүгінде полиция капитаны әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстарды тергеу бағытында қызмет атқарады. Бұл – аса мұқияттылықты және сабырлылықты қажет ететін бағыт. Себебі әрбір қылмыстық істің артында адамның тағдыры, отбасының тыныштығы, баланың қауіпсіздігі секілді маңызды құндылықтар тұр. Тергеушінің әрбір әрекеті мен қабылдаған шешімі заң талаптарына сай әрі жан-жақты зерделенуі тиіс. Бауыржан Қанатұлы өз қызметінде осы жауапкершілікті терең сезінеді. Оның басты ұстанымы – кез келген істі асықпай, жан-жақты зерделеп, заң шеңберінде әділ шешім қабылдау.
«Шынықсаң – шымыр боласың» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған полицей үшін спорт пен қызмет бір-бірінен бөлек дүние емес. Рингте спортшы қарсыласының әр қадамын бақылап, сәтті шешім қабылдауға тырысса, қызметте тергеуші істің әрбір дерегіне мұқият мән беріп, оқиғаның ақ-қарасын анықтауға ұмтылады. Спорттағы сабырлылық, төзімділік, шапшаңдық пен тәртіп – қызмет барысында да қажет қасиеттер.
– Бокста жеңіс бір күнде келмейді. Күн сайынғы еңбек пен жаттығудың нәтижесі ғана үлкен жетістікке жеткізеді. Қызметте де солай. Өзіңді үнемі дамыту, білімді жетілдіру және бастаған істі соңына дейін жеткізу маңызды, – дейді полиция капитаны.
Оның пікірінше, жас маман үшін ең бастысы – өзіне қойылатын талапты төмендетпеу. Қызметте кәсібилікке ұмтылу, спортта өз мүмкіндігіңді жетілдіру – адамның ерік-жігерін нығайтып, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады.
Бауыржан Қанатұлының өмір жолы – полиция қызметкерінің болмысы тек қызметтік міндеттермен шектелмейтінін көрсетеді. Ол – форма киген қызметкер ғана емес, спорт арқылы өзін шыңдап, тәжірибесін жетілдіріп келе жатқан жас маман. Он жыл бойы боксқа адалдық танытып келе жатқан полицей үшін рингтегі әрбір жаттығу – ерік-жігерді сынайтын сәт. Ал қызметтегі әрбір күн – үлкен жауапкершілікті арттыратын жаңа мүмкіндік.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1278995?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version