САФИ ӨТЕБАЕВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ МҰНАЙ ЖӘНЕ ГАЗ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАСЫЛ СУТЕГІ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТРЕНИНГ ӨТІП ЖАТЫР
24–28 тамыз аралығында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында жаңартылатын Power-to-X (PtX) технологиялары бойынша Training of Trainers (ToT) халықаралық тренингі өтіп жатыр.
Бағдарлама жасыл сутегі және Power-to-X технологиялары саласындағы мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіруге, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының техникалық және педагогикалық құзыреттерін арттыруға бағытталған. Негізгі мақсат – Қазақстан мен Орталық Азияда заманауи білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, мамандандырылған оқыту жүргізуге, сондай-ақ жасыл сутегі технологиялары бойынша жинақталған білім мен тәжірибені таратуға қабілетті білікті мамандар даярлау.
Қазіргі таңда тренингке үш мемлекеттен 14 маман қатысуда. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасының жоғары оқу орындары мен ғылыми-білім беру саласының өкілдері бар. Қазақстан Республикасынан 10 маман қатысса, оның төртеуі – С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің өкілдері.
Тренинг екі кезеңнен тұрады. 19–20 тамыз күндері қатысушылар үшін жаңартылатын PtX технологиялары бойынша онлайн оқыту ұйымдастырылса, 24–28 тамыз аралығында Атырау қаласында бес күндік офлайн бағдарлама өтуде.
Оқыту барысында қатысушылар жасыл сутегінің жаһандық энергетикалық ауысудағы рөлін, оны өндіру технологияларын және әртүрлі салаларда қолдану мүмкіндіктерін қарастырады. Сонымен қатар Power-to-X технологияларының экономикасы, инфрақұрылымы, нарықтық әлеуеті, тұрақты даму, мемлекеттік саясат және сертификаттау мәселелері қамтылады.
Бағдарлама теориялық біліммен қатар практикалық дайындыққа да басымдық береді. Қатысушылар интерактивті сессияларға, топтық жұмыстар мен презентацияларға қатысып, заманауи оқыту әдістемелерін тәжірибеде қолданады. Сондай-ақ бағдарлама аясында сутегі технологиялары зертханасына және Атырау мұнай өңдеу зауытына оқу сапарлары қарастырылған.
Тренинг Астанадағы Сутегі дипломатиясы офисінің ұйымдастыруымен, International PtX Hub сарапшыларының қатысуымен және С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетімен бірлесіп өткізілуде.
Аталған Training of Trainers бағдарламасы – жасыл сутегі саласындағы білім беру әлеуетін дамытуға бағытталған тренингтер сериясының жалғасы. Алғашқы тренинг 2024 жылы Ақтауда, екіншісі 2025 жылы Алматыда ұйымдастырылған. Атырауда өтіп жатқан биылғы тренинг – осы бағыттағы үшінші бағдарлама.
Оқыту қорытындысы бойынша қатысушылар жасыл сутегі мен Power-to-X технологияларына қатысты тақырыптарды білім беру бағдарламаларына және оқу модульдеріне енгізу, мамандандырылған оқу материалдарын әзірлеу және алған білімдерін кәсіби ортада тарату бойынша қажетті құзыреттерді меңгереді.
Бағдарлама Қазақстан мен Орталық Азиядағы жоғары оқу орындары мен сарапшылар арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, жасыл сутегі саласындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейтуге және төмен көміртекті энергетика үшін жаңа буын мамандарын даярлауға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1279221?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау