Талдықорғанда 11 мыңға жуық қала және облыс тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан ауқымды “Taldyq Summer – 2026” фестивалі өткізілді.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Адамдар көп шоғырланған орындарға, іс-шара аумағы мен оған іргелес аумақтарға ерекше назар аударылды.
Құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының арқасында концерт тыныш жағдайда, ешқандай оқиғасыз өтті. Қоғамдық тәртіпті бұзу деректері тіркелген жоқ.
Іс-шара барысында көмек қажет болған бір ғана жағдай болды. Көпшілік арасында кішкентай қыз бала ата-анасынан адасып қалған. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын ұйымдастырып, баланы қысқа уақыт ішінде тауып, ата-анасына аман-есен табыстады. Қыздың анасы тәртіп сақшыларына жеделдігі, мұқияттылығы мен жанашырлығы үшін шынайы алғысын білдірді.
— Азаматтардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігі – әрқашан басты басымдық. Көпшілік іс-шаралар кезінде біздің негізгі міндетіміз – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындардың алаңсыз демалып, үйлеріне қауіпсіз оралуына барлық жағдай жасау, — деп атап өтті полицейлер.
Қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету “Заң мен тәртіп” қағидаты аясындағы жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1278670?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау