Тырнақ мүжу әдет пе, әлде дерт пе?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Баланың саусағын аузына апарып, тырнақ кеміргенін жиі байқаймыз. Саусақ терісін, тырнағын мүжіген ұл-қыздың  қылығына кейбір  ата-ана  мән бермейді немесе ұрысады, кейде саусақтарына ащы бұрыш жағатындар да бар. Өкінішке қарай, бұл амалдардың ешқайсысы көмектеспейді дейді психологтар. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп бекер айтылмаған. Қоғамдық орындарда кәмелет жасқа толған , тіпті ересектердің  өз тырнағын тістеп,  терісін жұлмалайтындарды байқаймыз. Мұның денсаулыққа зияны да жоқ емес. Тырнақты мүжу немесе кеміру кезінде жұқпалы кеселдің пайда болуы, тырнақ пен саусақ терісінің  зақымдануы, пішінінің өзгеруі, сондай- тіс пен асқазан ауруларының қозуына түрткі болуы мүмкін дейді маман.  

Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының психиатр дәрігері Медина Әбілғазы тырнақты тістеу жиі қайталанады,  бала өзін мазалаған , жағымсыз  күй немесе алаңдаушылықтан арылу мақсатында жасайды дейді.  Осындай әдеттің пайда болуының  бірнеше себебі бар екен.

– Тырнақ, саусақ терісін  тістеуге  мазасыздық, алаңдаушылық, шаршау, қалжырау , стресстік жағдай, отбасындағы жанжал, ата-ананың ажырасуы, баланың басқа мектепке, бала-бақшаға ауысуы себеп. Бұдан бөлек  ересектердің осындай әдетіне еліктеп, соны  баланың қайталауы мүмкін. Ең бастысы осы әдет үшін перзентіңізді  ешқашан ұрыспаңыз. Саусақтарына қыша, лак , ащы заттар жақпаңыз.  Алдымен тырнақты тістеуге итермелейтін,   өршітетін фактілерді анықтаңыз. Ол үшін баланы сырттай бақылап, қандай жәйттер, қандай жағдай кезінде  осы әдетін бастайтынын  біліңіз. Өйткені бұл жағдайдың қашан пайда болғанын байқамау қалуыңыз да мүмкін. Кәмелет жасқа толмағандарға   мазасыздық, қорқыныш, тағы басқа жағымсыз әсерлерден арылу оңай емес. Осы қиындықты еңсеру үшін ол тырнағын тістей бастайды. Бірақ ол жан-дүниесін алай-түлей қылған дегбірсіздіктен тырнақ тістеп ,   әлгі мазасыз ойдан арылуға, тығырықтан шығуға көмектеседі деп ойлайды. Бірақ бұл уақытша көмектеседі. Себебі  ешнәрсе шешілмеді,-дейді психиатр.

Медина Әбілғазы ата-ананың перзентіне осы қылығы үшін жиі ескерту жасауы, кейде шүйлігуі , шамадан тыс бақылап, қорқытумен шешудің нәтижесінде психикалық жағдайын күйретіп, жасқаншақ болуы мүмкін дейді.

Алдымен бұл психиатр тырнақ мүжу әдет немесе дерт    екенін анықтап, ара-жігін анықтауға кеңес береді. Ең қорқыныштысы, бұл психикасының ауытқуының белгісі болуы да мүмкін деп ескертеді.

-Егер бұл әдет болса, мектепке дейінгі балаларда өзінен- өзі жойылады. Сондықтан ересектерге өте мұқият болған абзал. Өйткені бұл мінез-құлқының , психикасының бұзылуының белгісі болуы мүмкін. Мұны анықтау үшін кешенді диагностика жүргізу қажет,- дейді психиатр дәрігер.

Дәрігер  ата-аналарға кәсіби мамандардың қызметіне жүгінуге кеңес береді.  Бұл кеселді медицинада   онихофагия деп атайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1278968?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version