Жалған төлем түбіртегі: Оралда полиция 10 млн теңгенің құрылыс материалдарын қайтарды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Орал қаласының кәсіпкері әлеуметтік желідегі парақшасында полиция қызметкерлеріне жедел әрі кәсіби әрекеті үшін алғыс білдірді. Тәртіп сақшыларының жедел қимылының арқасында алаяқтар алып кетпек болған құны 10 млн теңге болатын құрылыс материалдары толық көлемде заңды иесіне қайтарылды. Оқиға 20 тамызда Орал қаласында болған. Кәсіпкердің айтуынша, белгісіз тұлғалар құрылыс материалдарын сатып алуға тапсырыс беріп, тауардың ақысын төлегенін растайтын жалған төлем құжатын жіберген. Кәсіпкер тауарды жүк көлігіне тиеп бергеннен кейін ғана төлем құжатының жалған екенін анықтаған.

Ол дереу полицияға хабарласқан. Полиция қызметкерлері жүк көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін патрульдік экипаждарға хабарлап, көлікті іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Көп ұзамай жүк көлігі жол бойында тоқтатылып, құрылыс материалдары полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен кәсіпкердің базасына жеткізілді. Осылайша, тауар толық көлемде заңды иесіне қайтарылды. Кәсіпкер Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлеріне жедел әрі үйлесімді әрекеті үшін алғысын білдірді.

– Полиция қызметкерлері өте тез әрекет етті. Бір уақытта жоғалды деп есептеген тауарымыздың базаға қайтарылғанын естідік, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Полиция азаматтар мен кәсіпкерлерді алаяқтардың жалған төлем түбіртектерін жіберу тәсілінен сақ болуға шақырады. Қаражаттың есепшотқа нақты түскеніне көз жеткізбей, тауарды жөнелтпеген жөн.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zko/press/news/details/1278895?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version