Жаппай SMS-хабарламалар келген жағдайда не істеу керек?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Абай облысының полиция департаменті азаматтарды телефонға қысқа уақыт ішінде көп мөлшерде SMS-хабарлама келген жағдайда сақтық шараларын сақтауға шақырады.

     Алаяқтар азаматтардың телефон нөмірлеріне қысқа уақыт ішінде жаппай SMS-хабарламалар жіберіп, кейін телефон арқылы байланысып, өздерін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін.

     Мұндай жағдай SMS-бомбинг деп аталады. Оның барысында телефонға әртүрлі сервистерге тіркелу туралы хабарламалар, жарнамалық ұсыныстар, сондай-ақ аккаунттарға кіруді немесе операцияларды растауға арналған SMS-кодтар көптеп келуі мүмкін.

     Алаяқтар қалай әрекет етеді?

     Жаппай SMS-хабарламалар келгеннен кейін алаяқтар азаматқа телефон арқылы қоңырау шалып, өздерін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін. Олар нөмірге жаппай SMS-шабуыл жасалғанын айтып, мәселені шешу үшін “антиспам” немесе басқа да қорғаныс қызметін қосуды ұсынады. Осы сылтаумен телефонға келген SMS-кодты айтуды сұрауы ықтимал.

     Есте сақтаңыз: SMS арқылы келген растау кодын ешкімге айтпаңыз. Мұндай кодтар аккаунтқа кіруді немесе белгілі бір операцияны растау үшін пайдаланылуы мүмкін. Қоңырау шалушы өзін ұялы байланыс операторының, банктің немесе басқа ұйымның қызметкері ретінде таныстырса да, SMS-кодты бермеңіз.

     Мұндай кодтар аккаунтқа кіруді, парольді өзгертуді немесе қаржылық операцияны растауды жүзеге асыру үшін пайдаланылуы мүмкін.

     Егер қысқа уақыт ішінде телефонға көптеген SMS-хабарлама келсе:

     • сабыр сақтап, келген кодтарды ешкімге айтпаңыз;

     • өздерін оператор, банк немесе басқа ұйым қызметкері ретінде таныстырған бөгде адамдардың нұсқауларын орындамаңыз;

     • күмәнді қоңырауларды тоқтатып, қажет болса, нөмірді бұғаттаңыз;

     • жаппай хабарламалар легін уақытша тоқтату үшін телефонды ұшақ режиміне ауыстырыңыз;

     • мобильді байланыс операторына ресми байланыс арналары арқылы хабарласып, жағдайды хабарлаңыз;

     • SMS арқылы келген күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және жеке деректеріңізді енгізбеңіз;

     • егер SMS-кодты бөгде адамға айтып қойған болсаңыз, дереу тиісті сервиске, банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1279192?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version