Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Әзербайжан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Иса Габиббейлімен кездесті.
Тараптар екі ел арасындағы, сондай-ақ түркі әлеміндегі ғылыми ынтымақтастық мәселелерін талқылады. И. Габиббейлі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен бірлескен жұмысты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.
Кездесу барысында Елші Ә. Байел биыл мамыр айында өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум туралы айтып беріп, әзербайжандық ғалымдарға осы іс-шараға қатысқандары үшін алғысын білдірді. Симпозиумда сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Алтын Орданың мұрагері екенін атап көрсетіп, осы тарихи мемлекеттің мұрасын жан-жақты зерттеуге шақырған бірқатар маңызды мәлімдеме жасады.
Осыған байланысты дипломат сұхбаттасына Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми консорциумның құрылтайшыларының бірі болуға шақыруын жеткізді.
Иса Габиббейлі бұл бастаманың уақытылы әрі тарихи маңыздылығын жоғары бағалады. Ол Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы халықаралық консорциумның мүшесі болып, оның қызметіне белсенді қатысатынын мәлімдеді.
Консорциумның стратегиялық мақсаты – дала өркениетінің тарихын, оның зияткерлік және рухани дәстүрлерін зерттеуге арналған халықаралық ғылыми-зерттеу платформасын қалыптастыру. Дала өркениеті Еуразиядағы мемлекеттіліктің, дипломатияның, құқықтың, сондай-ақ экономикалық, мәдениетаралық және тілдік өзара іс-қимылдың дамуының маңызды элементі екені белгілі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-baku/press/news/details/1279878?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау