Қарағандыда жыл сайын күзде Оперетта және мюзиклдің ашық халықаралық DosStar фестивалін өткізу дәстүрге айналған. Биыл өнер мерекесі 17–20 қыркүйек аралығында өтіп, өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы жылдар ішінде фестиваль өңірдің мәдени брендіне айналып, әр жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен өнер майталмандарын Қарағанды сахнасына тоғыстырып келеді.
Биылғы фестиваль бағдарламасына Қазақстан мен Ресей театрларының музыкалық қойылымдары енген. Ал дәстүрлі гала-концертте Қазақстан, Ресей, Беларусь және Арменияның жетекші солистері өнер көрсетеді.
XV DosStar фестивалінің шымылдығы 17 қыркүйек күні сағат 18:30-да Кеншілер мәдениет сарайында түріледі. Фестивальдің алғашқы кешінде Санкт-Петербург мемлекеттік музыкалық комедия театры венгр композиторы Енё Хусканың әйгілі «Баронесса Лили» опереттасын ұсынады.
Санкт-Петербург сахнасында 20 жылға жуық уақыт бойы қойылып келе жатқан спектакль көрерменнің ыстық ықыласына ие. Қойылымның тартымдылығы – әсем әуезінде, нәзік қалжыңда және оқиғаның ширақ өрбуінде. Спектакльдің сюжеті көне әулеттік иелікті сатуға байланысты оқиғалар, кейіпкерлер арасындағы рөл ауысуынан туындаған түсініспеушіліктер мен әлеуметтік кедергілерге қарамастан жеңіске жеткен шынайы махаббат хикаясынан құрылған. Интрига, күтпеген әшкерелеулер, арман мен үміт астасқан оқиға көрерменді бақытты финалға жетелейді.
Қарағанды көрерменіне Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі Валентина Кособуцкая да өз сәлемін жолдады. Өнер иесі Қарағанды музыкалық комедия театрының сахнасында бұған дейін де өнер көрсетіп, жергілікті көрерменге жақсы таныс.
– Санкт-Петербургтен ыстық сәлем жолдаймыз! Қазақстандай тамаша елге, оның ішінде Қарағандыға фестивальге қайта келу мүмкіндігіне қуаныштымыз. Әртүрлі театрлардың қызықты қойылымдарын тамашалаймыз деп үміттенеміз. Біз де өз спектакліміз – «Баронесса Лилиді» алып келееміз. Бұл кездесу әсерлі өтіп, жаңа достар табамыз деп сенемін, – дейді Валентина Кособуцкая.
18 қыркүйек күні сағат 18:30-да Кеншілер мәдениет сарайының сахнасында Солтүстік Қазақстан облысынан келген өнерпаздар өнер көрсетеді. Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының камералық хоры «Мәңгілік» би ансамблімен бірлесіп, әлемге әйгілі «Менің сұлу ханымым» мюзиклінен үзінділерді ұсынады.
19 қыркүйек күні сағат 17:00-де көрермендерді Қарағанды музыкалық комедия театрының Қызыл залына шақырады. Мұнда джаздың әуезі, мюзиклдің жарқын бояуы мен хор өнерінің тылсым қуаты тоғысатын музыкалық кеш өтеді. JAZZ FLOWERS қойылымын Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры сахналайды.
Дәстүр бойынша фестивальдің қорытындысы гала-концертпен түйінделеді. 20 қыркүйек күні сағат 17:00-де Кеншілер мәдениет сарайының сахнасында фестиваль қонақтары Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының әртістерімен бірге өнер көрсетеді.
Гала-концерттің бірінші бөлімінде көрермен назарына классикалық оперетталар мен музыкалық комедиялардың таңдаулы нөмірлері ұсынылады. Ал екінші бөлім мюзикл мен джазға арналып, заманауи музыкалық жанрлардың сан қырлы бояуын паш етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1279581?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау