Қарағандыға шетелден келетін қонақтар саны артып келеді. Қалаға сапарлап келген туристерге жергілікті полиция қызметкерлері де жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың қауіпсіз әрі жайлы сапарына үлес қосып жатыр.
Соңғы тәуліктің өзінде Қарағандыда шетелдік қонақтарға көмек көрсетудің екі жағдайы тіркелді.
24 тамыз күні патрульдік полиция қызметкерлері қала көшелерінің бірінде сағатына 30 шақырымнан төмен жылдамдықпен қозғалып келе жатқан BYD автокөлігін байқаған. Көлікті тоқтатқан тәртіп сақшылары жүргізушіге қандай да бір көмек қажет болуы мүмкін деп ойлаған.
Автокөлік тізгінінде Малайзия азаматы отырған. Ол жолсеріктерімен бірге әлемді аралап, Қытайға қарай бет алып келе жатқанын айтқан.
Турист үшін қазақстандық полицейлердің ағылшын тілінде еркін сөйлесіп, қажетті ақпаратпен бөліскені жағымды тосынсый болған. Әңгіме барысында көліктің баяу қозғалуына техникалық ақау емес, оның электрлі болуы себеп екені анықталған. Саяхатшылар жол бойында қуатты үнемдеу үшін көлікті төмен жылдамдықпен жүргізген.
Патрульдік полиция қызметкерлері шетелдік қонақтарға қалада аялдайтын және тамақтанатын орындарды көрсетіп, сапарларының сәтті өтуіне тілектестік білдірді.
Ал 25 тамыз күні таңертең патрульдік полиция қызметкерлері Бұқар жырау даңғылы бойында чемодан көтеріп келе жатқан қызды кездестірген. Шетелдік қонақ Қарағандыда қонақүйден бос орын табу қиынға соққанын айтқан. Полиция қызметкерлері оған орын табуға көмектесті.
Мұндай жағдайлар полиция қызметінің тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен шектелмейтінін көрсетеді. Шетелдік қонақтарға уақытылы көмек көрсету, қажетті бағыт-бағдар беру және жылы қарым-қатынас таныту – қаланың туристік тартымдылығын арттыратын маңызды факторлардың бірі.
Алдағы уақытта Қарағандыға келетін қонақтар санының арта түсуі мүмкін. Бұған еліміздің мәдени және қоғамдық өміріндегі ірі іс-шаралар да ықпал ететіні сөзсіз. Соның бірі – әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің қатысуымен өтетін концерт. Ауқымды шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де өнерпаздың жанкүйерлері келуі мүмкін.
Қарағандының әрбір қонақты қауіпсіздікпен қатар, қолдауға және құрметке бөлеп қарсы алуы – қаланың заманауи, ашық әрі қонақжай келбетін қалыптастырудың маңызды бөлігі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1279598?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау