Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің тиімді дамуына, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімінің төмендеуіне және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапалы әрі қолжетімді болуына кері әсер ететін факторлардың бірі. Сондықтан сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және адалдық мәдениетін қалыптастыру мемлекеттік органдар қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасының 12.06.2026ж. №311-VIII «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтау және жолын кесумен шектелмейді. Ол сондай-ақ олардың алдын алуды, сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, жоюды, сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды қамтиды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидаты пара немесе заңсыз сыйақыны қабылдауға жол бермеумен ғана шектелмей, заңдылық, әділдік және адалдық қағидаттарын бұзатын кез келген әрекетке жол бермеуден көрініс табуы тиіс.
Мемлекеттік қызмет – ең алдымен мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілік. Азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімі мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысы, кәсібилігі, адалдығы, объективтілігі және әрбір азаматқа құрметпен қарауы арқылы қалыптасады.
Осыған байланысты Департамент сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, қызметтік әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидатын қалыптастыру бағытындағы жұмысты тұрақты түрде жалғастыруда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – тек уәкілетті органдардың ғана міндеті емес. Бұл – мемлекет, мемлекеттік қызметшілер және қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана адалдық, заңдылық және әділдік мемлекеттік қызметтің басты қағидаттары болып табылатын орта қалыптастыра аламыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1279698?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау