Түркістанда тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, халықтың баспанаға деген сұранысын қамтамасыз ету бағытында жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. Қалада кредиттік тұрғын үй қорын қалыптастыруға басымдық беріліп, жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында салынып жатқан 7 қабатты 14 тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысып, нысандардағы атқарылып жатқан жұмыстарды аралады.
Жоба аясында жалпы 3,5 гектар аумақта 14 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Нысандарда барлығы 588 пәтер қарастырылған. Пәтерлердің жалпы ауданы 36 720,6 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 80 пайызға жеткен.
Нысандарды аралау барысында қала әкімі тұрғын үйлердің құрылыс сапасына ерекше мән беріп, барлық жұмыс кезеңі қолданыстағы құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес орындалуы қажеттігін атап өтті.
Әзімбек Пазылбекұлы жауапты сала басшыларына құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды және атқарылған жұмыстар жөніндегі ақпаратты апта сайын аппараттық мәжілісте баяндауды тапсырды. Сонымен қатар, мердігер мекемелерге тұрғын үйлердің құрылысын белгіленген мерзімде аяқтап, үйлерге іргелес аумақтарды абаттандыру жұмыстарын қараша айына дейін толық қамтамасыз ету міндеті жүктелді.
Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Түркістан қаласында 125,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы ауданы 85,9 мың шаршы метрді құрады. Жалпы жыл басынан бері 1 397 азамат баспаналы болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1279952?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау