2026 жылғы 8 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері жөніндегі Заңға қол қойды. Аталған Заң нотариаттық әрекеттерді, оның ішінде атқарушылық жазбаларды жасау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін одан әрі күшейтуге бағытталған.
Әділет министрлігі нотариат жүйесін жетілдіру, нотариаттық әрекеттердің ашықтығын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Бұл жұмыстың негізіне құқық қолдану практикасын талдау, азаматтардың өтініштері және заманауи цифрлық технологияларды енгізу алынған.
Ерекше назар аударуды талап ететін нотариаттық әрекеттердің бірі – атқарушылық жазба жасау. 2025 жылғы наурыздан бастап eGovMobile платформасында азаматтарға атқарушылық жазба туралы ақпарат алуға және онлайн форматта қарсылық білдіру құқығын іске асыруға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдер қолданыста. Осы кезеңде 2,5 млн-нан астам атқарушылық жазба жасалып, 700 мыңға жуық онлайн қарсылық берілді.
Келесі кезеңде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен әзірленіп жатқан жаңа E-Notary цифрлық платформасын іске қосу жоспарлануда.
Платформа нотариустың әрбір әрекетін тіркеуді қамтамасыз етеді, нотариустар мен азаматтарды биометриялық сәйкестендіруді, сондай-ақ азаматқа өзінің қатысуымен жасалған нотариаттық әрекеттерді бақылауға мүмкіндік беретін жеке кабинетті көздейді.
Сондай-ақ жүйеде заңды тұлғалардан, оның ішінде банктерден, микроқаржы және коллекторлық ұйымдардан келіп түсетін атқарушылық жазба жасау туралы өтініштерді автоматты түрде бөлу жоспарлануда. Бұл тетік нотариустар арасында жүктемені біркелкі бөлуге, өндіріп алушының нотариусты таңдау мүмкіндігін болдырмауға және теріс пайдалану тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, E-Notary құжаттарды талдау, ықтимал сәйкессіздіктер мен тәуекелдерді анықтау және ұсынымдар қалыптастыру үшін жасанды интеллект элементтерін пайдаланатын болады. Бұл ретте нотариаттық әрекетті жасау туралы түпкілікті шешімді тек нотариус қабылдайды.
2026 жылдың соңына дейін пилоттық пайдалану қорытындысы бойынша E-Notary жүйесін еліміздің бүкіл аумағында кеңінен енгізу жоспарлануда.
Осылайша, Әділет министрлігі туындайтын мәселелерге ден қоюдан олардың алдын алуға кезең-кезеңімен көшіп, ең алдымен ашықтыққа, қауіпсіздікке және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған нотариаттың заманауи цифрлық моделін қалыптастыруда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1280385?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау