Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барып, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Министр Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығына барып, мансап орталығының жұмысын және JOB COACH жобасының жүзеге асырылу барысын көрді. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу орталығының қызметін зерделеді.
Жыл басынан бері облыстың Еңбек мобильділігі орталығы мен мансап орталықтарына 40 128 адам жүгінген. Оның ішінде 26 мыңға жуық азаматқа жұмыс табуға көмек көрсетілді.
Асқарбек Ертаев мансап орталығына жұмыс іздеп келген тұрғындармен де сөйлесті. Олардың арасында жастар, орта және үлкен жастағы азаматтар, еңбек жолын жалғастырғысы келетін зейнеткерлер бар. Келушілер жұмыс іздеу кезінде қандай көмек алғанын және мансап орталығының қызметін қалай пайдаланғанын айтып берді.
Солардың бірі – Нұртілек Болат. Ол биыл университетті бітірген. Мансап орталығының мамандары оған алған мамандығына сәйкес жұмыс табуға көмектескен. Жас маманға Қарағандыдағы ұйымдардың бірінен дизайнер қызметі ұсынылды. Жақын арада ол жаңа жұмысына кіріседі.
«Биыл жоғары оқу орнын тәмамдадым. Бүгін Мансап орталығына келіп, мамандығыма сәйкес жұмыс табуға көмек алдым. Жас маман ретінде еңбек жолымды бастағаныма қуаныштымын. Мемлекет тарапынан жас түлектерге қолдау көрсетіліп, алғашқы жұмыс орнын табуға мүмкіндік беріліп жатқаны өте маңызды деп ойлаймын. Мансап орталығында жастармен қатар, ересек жастағы азаматтарға да жұмыс іздеуге көмек көрсетіліп жатқанын көрдім. Бұл орталықтардың кез келген жастағы азаматқа лайықты жұмыс табуға қолдау көрсететінінің нақты дәлелі», – деді жас маман.
Министр мансап орталықтары әр азаматтың жеке мүмкіндіктері мен кәсіби әлеуетін ескеріп, оған лайықты жұмыс табуға нақты қолдау көрсетуі маңызды екенін атап өтті.
«Біз үшін мансап орталықтарына көмек сұрап келген адамдардың пікірін тікелей есту маңызды. Әр адамның артында нақты өмірлік жағдайы бар. Сондықтан мамандардың міндеті тек кеңес беріп немесе бос жұмыс орындарының тізімін ұсынумен шектелмеуі керек. Адамның тәжірибесін, мүмкіндігін және кәсіби тұрғыда дамуға деген талабын ескеріп, оған лайықты жұмыс табуға көмектесу қажет», – деді Асқарбек Ертаев.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/lspm/press/news/details/1280698?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау