Ботулизм: қауіпті тағамдық уланудың алдын алу

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ботулизм – ботулин токсинінің әсерінен дамитын, жүйке жүйесін зақымдайтын және адам өміріне қауіп төндіретін ауыр тағамдық улану. Бұл аурудың басты қауіптілігі – ботулин токсині тағамның дәмін, иісін немесе сыртқы түрін міндетті түрде өзгертпейді. Сондықтан сырт көзге қалыпты көрінетін тағамның өзі денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін.

 

Ботулизм көбінесе үй жағдайында дайындалған консервіленген өнімдерді тұтынумен байланысты. Әсіресе саңырауқұлақ, ет және балық өнімдері, сондай-ақ көкөністерден дайындалған консервілер, маринадталған өнімдер мен үй жағдайында әзірленген түрлі тағамдар қауіп тудыруы мүмкін. Өнімдерді дайындау кезінде тазалық талаптарының сақталмауы, консервілеу технологиясының бұзылуы және дұрыс сақталмауы ботулин токсинінің түзілуіне қолайлы жағдай жасайды.

 

Аурудың алғашқы белгілері әлсіздік, бас айналу, ауыздың құрғауы, көру қабілетінің бұзылуы, көздің бұлдырауы немесе қосарланып көру түрінде байқалуы мүмкін. Сонымен қатар сөйлеу мен жұтыну қиындап, тыныс алудың бұзылуы және бұлшықет әлсіздігі пайда болуы ықтимал. Мұндай белгілер байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Ботулизм кезінде уақытылы көрсетілген медициналық көмек адамның өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады.

 

Ботулизмнің алдын алу үшін үй жағдайында тағам өнімдерін консервілеу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, өнімдерді мұқият тазалау және өңдеу қажет. Қақпағы ісінген, ағып тұрған, сыртқы түрі өзгерген немесе сақтау жағдайы күмән тудыратын консервілерді тұтынуға болмайды. Үй жағдайында дайындалған консервілерді дұрыс сақтау және олардың қауіпсіздігіне күмән болған жағдайда пайдаланбау керек.

 

Тағам өнімдерін сатып алу кезінде олардың жарамдылық мерзіміне, қаптамасының бүтіндігіне және сақтау жағдайына назар аудару маңызды. Консервіленген өнімдерді кездейсоқ немесе белгіленбеген сауда орындарынан сатып алудан бас тартқан жөн.

 

Есте сақтаңыз: ботулизм аса қауіпті ауру. Тағам өнімдерін дұрыс дайындау, сақтау және күмәнді өнімдерді тұтынбау арқылы оның алдын алуға болады. Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараңыз!

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/1280601?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version