Қылмыс көшеде ғана жасалмайды. Бүгінде оның ізі экранның ар жағында, телефон қоңырауында, әлеуметтік желідегі жалған парақшада немесе бір ғана сілтеменің ішінде қалуы мүмкін.
Семей қаласы ПБ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі үшін әр жұмыс күні – цифрлық кеңістіктегі көрінбейтін іздерді іздеуден басталады.
Жұмыс үстеліндегі компьютер экранына түскен ақпараттардың әрқайсысының артында жеке оқиға бар. Бір азамат интернеттен тауар сатып алып, ақшасынан айырылды. Екіншісі өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтың сөзіне сенді. Тағы бірі әлеуметтік желідегі жалған инвестициялық ұсыныстың құрбаны болды.
Ал жедел уәкіл үшін бұл жай ғана ақпарат емес. Бұл – зерттеуді, салыстыруды және нақты шешімді талап ететін дерек.
Киберқылмыстың ерекшелігі де осында: қылмыс орны көзге көрінбеуі мүмкін, ал қылмыскердің ізі цифрлық кеңістікте қалады.
«Онлайн қылмысты ашуда ең бастысы – ұсақ детальдарға мән беру. Кейде бір телефон нөмірі, бір аударым немесе бір аккаунттың өзі бірнеше қылмыстық фактіні байланыстыруға мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір ақпаратты мұқият зерделейміз», – дейді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі.
Жедел уәкілдің жұмысы тек ақпаратты қабылдап, тіркеумен шектелмейді. Келіп түскен мәліметтер жан-жақты талданады. Оқиғалардың арасында байланыс бар-жоғы анықталады, күдікті тұлғалар туралы мәліметтер нақтыланады, олардың қолданған тәсілдері зерделенеді.
Кейде бірнеше азаматтың арызы бір қарағанда бөлек оқиғалар сияқты көрінеді. Алайда деректерді салыстыра келе, олардың артында бір ғана қылмыстық схема тұрғаны анықталуы мүмкін.
Мұндай сәтте жедел уәкілдің аналитикалық қабілеті мен тәжірибесі сыналады.
«Біз үшін әрбір іс – жеке азаматтың мәселесі ғана емес, белгілі бір қылмыстық схеманы анықтауға мүмкіндік беретін ақпарат. Бір фактінің артынан басқа фактілер шығуы мүмкін. Сондықтан жұмыста жүйелілік пен табандылық өте маңызды», – дейді полиция қызметкері.
Интернет алаяқтық бір орында тұрмайды. Олар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тауып, әлеуметтік инженерия әдістерін қолданады. Қорқытады, асықтырады, оңай пайда табуға уәде береді немесе жақын адамның атынан хабарласады.
Сондықтан киберқылмысқа қарсы күрестің тағы бір маңызды бағыты – профилактика.
Жедел уәкілдер азаматтармен кездесіп, интернеттегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Банк картасының деректерін, SMS-кодтарды және басқа да құпия ақпараттарды бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз адамдардың қоңырауына сақтықпен қарау қажеттігі ескертіледі.
«Алаяқтардың әдістері өзгеріп отырады, бірақ олардың басты мақсаты – адамның сеніміне кіру. Сондықтан азаматтардың цифрлық сауаттылығы неғұрлым жоғары болса, алаяқтарға мүмкіндік соғұрлым аз болады», – деп атап өтті жедел уәкіл.
Бұл қызметтің сырт көзге байқалмайтын тағы бір ерекшелігі бар. Мұнда қылмыстың ізі кейде көзге көрінбейді. Қылмыс орнында із, заттай дәлел немесе күдіктінің бет-бейнесі болмауы мүмкін. Оның орнына цифрлық деректер, байланыстар, аккаунттар, транзакциялар мен өзге де ақпараттар зерттеледі.
Сол себепті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жедел уәкілі – бір мезетте жедел қызметкер де, талдаушы да, цифрлық кеңістіктегі із кесуші де бола білуі қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1280586?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау