Кәсіпкерлікті қолдау – экономикалық тұрақтылық пен жаңа жұмыс орындарын қалыптастырудың маңызды тетігі. Осы бағытта Төлеби ауданында кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен түсіндіруге арналған көшпелі консультациялық кездесу өтті.
Кездесу кәсіпкерлер үшін мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін қолжетімді түрде таныстыруға бағытталған «Мобильді фронт-офис» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жиынға аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асхат Раимбеков төрағалық етті.
Іс-шараға аудан кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының иелері, Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының мамандары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысты.
Жиын барысында кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар арқылы ұсынылатын жеңілдетілген несиелендіру шарттары, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, несиелерді кепілдендіру тетіктері және ауыл шаруашылығы мен бизнесті дамытуға бағытталған қаржыландыру мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілді.
Мамандар кәсіпкерлердің нақты жобалары мен қажеттіліктеріне сәйкес қаржыландырудың тиімді жолдары жөнінде кеңес беріп, мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалану тәртібіне тоқталды.
Кездесу соңында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, қаржы ұйымдарының мамандарынан жеке консультациялар алды. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларға қатысу талаптары, қажетті құжаттар және өтінім беру тәртібі бойынша нақты ақпаратқа қанықты.
Мұндай көшпелі кездесулер кәсіпкерлер мен қаржы институттары арасындағы байланысты нығайтып, мемлекеттік қолдау шараларының халыққа барынша қолжетімді болуына мүмкіндік береді. Бұл – жаңа жобаларды іске асырып, қолданыстағы бизнесті кеңейтуге ниетті кәсіпкерлер үшін маңызды мүмкіндік.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау