Ақмола облысында егін жинау науқаны тамыз айының ортасында басталды. 25 тамыздағы жағдай бойынша 4,5 млн гектар дәнді дақылдар алқабының 1,6 млн гектары орылып, орташа өнімділік гектарына 12,3 центнерді құрап, 2 млн тоннадан астам астық бастырылды. Егін жинау қарқыны бойынша Зеренді, Бурабай, Сандықтау және Бұланды аудандары көш бастап келеді.
Жұмыс сапары аясында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауданындағы «Намыс» шаруа қожалығының егіс алқаптарын аралап, егін жинау жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 28 центнерді құрайды, ал клейковина мөлшері – 28%. Өңір басшысы бастырылған астықтың жоғары сапасын атап өтіп, өнімділік бойынша түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты.
«Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аграршыларға қомақты қолдау көрсетілді. «Кең дала» бағдарламасы бойынша мыңнан астам шаруашылық несие алды, сондай-ақ жеңілдетілген дизель отыны мен минералды тыңайтқыштар бөлінді. Осы шаралардың, заманауи технологияларды қолданудың, ғылыми тәсіл мен аграршылардың еңбегінің арқасында ауа райы әрдайым қолайлы бола бермегеніне қарамастан, жақсы өнім алып отырмыз», – деді Марат Ахметжанов.
Механизатор Манарбек Байманов салада 20 жылдан бері еңбек етеді, оның алты жылы «Намыс» шаруа қожалығында өтіп келеді.
«Өткен жылмен салыстырғанда кейбір алқаптарда өнімділік көрсеткіші тіпті жоғары. Биылғы өнімнің сапасы да жақсы. Егер ауа райы қолайлы болса, егін жинау жұмыстарын қыркүйек айында толық аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді механизатор.
Егін жинау науқанына 14 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған, оның ішінде шамамен 7 мың астық жинайтын комбайн бар. Күзгі дала жұмыстары кезеңінде аграршыларға 81 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар шаруашылықтар 350 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыш сатып алып, оның басым бөлігін алқаптарға енгізіп үлгерді. Элеваторларға қазірдің өзінде 500 мың тоннадан астам астық жөнелтілді, оның шамамен жартысы Hi-Pro жоғары сапалы көрсеткіштерге ие.
Сонымен қатар аграршылар әзірге нақты болжам жасауға асықпайды, өйткені дәнді дақылдар алқаптарының үштен бірі ғана жиналды. Бүгінгі таңда негізгі міндет – қалыптасқан қарқынды сақтау, әрбір қолайлы күнді тиімді пайдалана отырып, өнімді оңтайлы мерзімде жинап алу.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1280691?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау