Жаңа оқу жылы қарсаңында Жетісу облысы Полиция департаментінің әкімшілік полиция қызметкерлері балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарының маңында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде.
Профилактикалық іс-шаралар аясында 402-ге жуық білім беру нысанына іргелес аумақтар тексерілді. Нәтижесінде жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер ететін бірқатар кемшіліктер анықталып, оларды жою мерзімдері белгілене отырып, жауапты ұйымдарға 205 нұсқама берілді.
Мектептер маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдері мен жол инфрақұрылымының жағдайына ерекше назар аударылды. Жаяу жүргіншілер өткелдерінің алдына балалардың 32 макеті және «Жаяу жүргіншілер өткелі» 20 жол белгісі орнатылды. 100-ге жуық мектептің маңында «зебра» көлденең жол таңбалары жаңартылды.
Сонымен қатар жылдамдықты шектейтін 59 жол белгісі мен 28 жасанды жол кедергісі орнатылып, 2 бағдаршам нысаны және көлік құралдарына арналған 4 тұрақ орны жабдықталды.
Жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз жағдай жасау мақсатында жалпы ұзындығы 37,3 шақырым болатын тротуарлар салынды.
Полиция қызметкерлері балаларды тасымалдайтын мектеп автобустарының техникалық жағдайын да тексерді. Тексеру барысында белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жекелеген кемшіліктер анықталды. Жауапты тұлғаларға оларды жою мерзімдері көрсетілген тиісті нұсқамалар берілді.
Білім беру ұйымдарының маңындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Басты мақсат — балалардың мектепке барар және қайтар жолында қауіпсіз жағдай жасау, жол инфрақұрылымындағы кемшіліктерді дер кезінде жою және жол-көлік оқиғаларының қаупін азайту.
Полиция жүргізушілерді мектептер маңында барынша мұқият болуға, жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақындағанда жылдамдықты алдын ала төмендетуге және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1280433?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау