«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Жетісай ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі мен Жетісай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудандағы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасы балаларының мектеп бағдарламаларына қатыспауын болдырмау, сабақтарына толық қатысуларын қамтамасыз ету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» Республикалық акциясы өтті.
Аталмыш шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Исмаилов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Толқын Айгежиева, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев пен қала әкімі Нұрлыбек Бахтияров, аудандық мәслихат депутаты Эльмира Темірбаева мен кәсіпкерлер арнайы қатысып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Жұртшылыққа акцияның мән-маңызын түсіндірді.
Ата-аналар мен тұғындардың қатысуымен өткен жәрмеңкеде облыс және аудан аумағындағы мектеп оқушыларының киім үлгісін өндірушілері мен сатушылары, кеңсе тауарлары мен мектепке қажетті заттарды сатушы кәсіпкерлер сабаққа қажетті оқу құралдарын, кітап-дәптерлер мен қалам-сөмкелерді, мектеп формаларын базар бағасынан 30 пайызға дейін төмен бағада ұсынды.
«Ұйымдастырылып отырған акцияның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы отбасы балаларына мүмкіндігінше көмек көрсету. Жақсылық жасауға кәсіпкерлерді жұмылдыру» дейді аудан әкімінің орынбасары Айдос Исмаилов.
Жетісай қаласындағы орталық саябақ аумағында өткен акцияда 750-ге тарта бүлдіршінге демеушілік жасалып, мектепке қажетті құрал-жабдықтары тегін үлестірілді.
Жәрмеңкеде аудан өнерпаздары келушілерге әннен шашу шашып, концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1280019?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау