Өңірде жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған жобалар жүзеге асуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Мансия Сағидоллаеваның қатысуымен баспасөз брифингі өтіп, онда орталықтың 2026 жылдың І жартыжылдығында атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы айтылды.

Қазіргі таңда облыста жастарды жұмыспен қамтуға, кәсіби бағдар беруге және олардың әлеуметтік бастамаларын қолдауға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Атырау қаласында 18-35 жас аралығындағы 2 300 жас Отбасылық цифрлық картаға енгізілген. Жастардың жұмыспен қамтылуына ықпал ету және NEET санатындағы жастардың үлесін азайту мақсатында жыл басынан бері екі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

– Жастардың ішінде 421-і 18-20 жас аралығында. Орталық мамандары жастардың қажеттіліктерін анықтап, оларды жұмысқа орналасу және кәсіби бағыт бойынша қолдауға бағытталған жұмыстар жүргізуде, – деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Мансия Сағидоллаева.

Сонымен қатар «Базар жастары» жобасы аясында қаладағы 7 базарда сауалнама жүргізіліп, оған 100-ге жуық жас қатысты. Сауалнама нәтижесіне қарай жастардың қызығушылығы мен қажеттілігіне сай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, Дина базарында жас тігіншілер арасында «Шебер қол» байқауы және телефон жөндеу бойынша «Jas Techno» сайысы, Аламан базарында «Аламан сайыс», Көктем базарында «Тұлға бол» көшпелі кеңес беру жәрмеңкесі өткізілді. Жоба аясындағы іс-шараларға 50-ге жуық жас қатысты.

Жастардың жаңа жобалары мен бастамаларын қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы да жүзеге асырылды. Биыл жобаға 200 жастан өтінім түсіп, 12 жеңімпаз анықталды. Нәтижесінде әр жеңімпазға 1 млн теңгеден, жалпы 12 млн теңге көлемінде грант берілді. Жастар өз жобаларын ғылым, IT, медиа, мәдениет, бизнес және волонтерлік бағыттар бойынша ұсынды.

Бұдан бөлек, волонтер жастардың әлеуметтік, шығармашылық және қоғамдық бастамаларын қолдауға арналған «Сенің бастамаң» гранттық жобасы іске асуда. Жоба қорытындысы бойынша 10 жасқа 300 мың теңгеден грант беру жоспарланды. Бүгінде 6 жеңімпаз анықталып, әрқайсысына 300 мың теңгеден грант табысталды. Жастардың кәсіби дамуына және өз идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін бұл жобалар жыл соңына дейін жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sayasat/press/news/details/1280590?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version