2026 жылғы 25 тамыз – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Данияның Сыртқы істер министрі Ларс Расмуссеннің төрағалығымен «От астындағы азық-түлік: жаһандық және жергілікті азық-түлік дағдарыстарын бәсеңдетудегі Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі» тақырыбында ашық пікірталас өтті.
Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде қарулы қақтығыстар әлемдегі өткір азық-түлік тұрақсыздығының негізгі себептерінің бірі болып қала беретінін, ал оның өз кезегінде шиеленістің күшеюіне, халықтың мәжбүрлі қоныс аударуына және зорлық-зомбылықтың жаңа циклдеріне алып келетінін атап өтті.
Тұрақты өкіл қарулы қақтығыстар мен ашаршылықтың өзара байланысы мәселесіне арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2417 (2018) қарарына ерекше назар аударды. Қазақстан 2017-2018 жылдары Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі кезеңінде аталған құжатты әзірлеуге белсенді қатысқанын атап өтіп, оны іс жүзінде жүзеге асыруға күш-жігерді жұмылдыруға шақырды.
Қ.Омаров қазіргі қақтығыстардың салдары ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақтардың шегінен әлдеқайда асып түсетінін атап өтті. Көлік дәліздерінің бұзылуы, тыңайтқыштар жеткізіліміндегі іркілістер, энергетикалық нарықтар мен ауыл шаруашылығы өнімдері саудасының бұзылуы дамушы және теңізге шығар жолы жоқ мемлекеттерге ерекше ауыр әсер етеді. Осыған байланысты Қазақстан тұрақты, ашық және болжамды жаһандық жеткізу тізбектерін сақтауды қолдады.
Басым бағыттардың бірі ретінде Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты, оның ішінде Ауғанстанды ұзақ мерзімді қалпына келтіру мақсатында нығайту қажеттігі атап өтілді. Ауғанстандағы сауданы, көлік байланысын, ауыл шаруашылығын және азық-түлік қауіпсіздігін дамыту бүкіл өңірдің тұрақтылығының маңызды шарты екені атап өтілді.
Осы тұрғыда Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығының рөлі атап өтілді. Орталық орнықты ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, климаттық орнықтылық және Ауғанстанға халықаралық қолдауды үйлестіру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін практикалық алаңға айналуға тиіс.
Қазақстан сондай-ақ штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы аясындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бейілділігін растады. Қазақстан тарапы оның БҰҰ жүйесінің бейінді мекемелерімен, соның ішінде БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен және Ауыл шаруашылығын дамытудың халықаралық қорымен ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға шақырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1279963?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау