Тәжікстанда Қазақстан медицинасы күндері басталды, оның шеңберінде денсаулық сақтау саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар басым бағыттары бойынша озық тәжірибе мен клиникалық жетістіктер алмасуға бағытталған кең ауқымды бірлескен іс-шаралар бағдарламасы жоспарланған. Қазақстан делегациясының құрамында кардиология, онкология, акушерия және гинекология, педиатрия, травматология салаларындағы республикалық ғылыми орталықтардың басшылары мен жетекші мамандары, медициналық жоғары оқу орындарының өкілдері бар. Делегацияға Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов жетекшілік етуде. Сапар бағдарламасында Қазақстан мен Тәжікстанның медициналық ұйымдарының жетекші мамандарының қатысуымен пациенттерге консультациялар беру, хирургиялық операциялар жасау, мастер-кластар өткізу, клиникалық жағдайларды талдау, дәрістер және білім беру іс-шаралары қарастырылған. Практикалық бөлім кардиология және кардиохирургия, эндокринология, травматология, акушерия және гинекология, сондай-ақ басқа да медициналық бағыттардың кең ауқымын қамтиды.
Негізгі назар мамандардың тікелей жұмысына және практикалық тәжірибе алмасуға аударылды. Бірлескен операциялар мен мастнр-кластар дәрігерлерге заманауи клиникалық тәсілдермен алмасуға, күрделі жағдайларды талқылауға және алған білімдерін медициналық практикада тікелей қолдануға мүмкіндік береді.
Душанбе қаласындағы Тәжікстан акушерия, гинекология және перинатология ғылыми-зерттеу институтының базасында қазақстандық дәрігерлер акушерлік корпустың жұмысымен егжей-тегжейлі танысты. Олар босандыру бөлімшесін, акушерлік реанимацияны, босанғаннан кейінгі бөлімшені, консультациялық-диагностикалық емхананы және ғылыми зертхананы аралады.
Бағдарлама заманауи клиникалық дағдыларды практика жүзінде пысықтауға бағытталған симуляциялық сабақтарды өткізуді қамтиды. Бұл екі ел мамандарына акушерлік және перинатология саласына озық тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық сарапшылар әріптестеріне «Акушерлік қан кетулер» тақырыбында бейінді презентация ұсынып, осы патологиямен күресудің заманауи әдістерін таныстырды.
Сапар барысында Республикалық онкология ғылыми орталығының базасында қалқанша безінің қатерсіз түйінді ісіктерін емдеудің заманауи термиялық әдістеріне, атап айтқанда радиожиілікті абляцияны (РЖА) қолдану мүмкіндіктеріне арналған білім беру семинары өтті. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігері Арман Асқарұлы Ибраев тәжікстандық әріптестерімен бірлесіп, қалқанша безі аурулары бар пациенттерді қарап, консультация жүргізді. Дәрігерлер клиникалық жағдайларды, аз инвазивті емдеуге көрсетілімдерді және қалқанша безінің қатерсіз түйінді түзілістері бар пациенттерді емдеу тактикасын таңдаудың ерекшеліктерін талқылады. Тәжікстан Республикасының жетекші дәрігерлерімен бірлесіп ЛОР-хирургия, балалар және ересектер травматологиясы, неонаталдық хирургия, балалар ауруларын қадағалап-қарау және онкоурология бағыттары бойынша мастер-кластар өткізу жоспарланған. Қазақстан медицинасы күндерінің қорытындысы бойынша бейінді ведомстволардың басшылары, медициналық ұйымдар мен ғылыми орталықтардың өкілдері қатысатын Қазақстан-Тәжікстан бірлескен форумы өтеді деп жоспарлануда. Форумның шеңберінде жетекші ғылыми-зерттеу институттарының басшылары баяндама жасап, денсаулық сақтау саласындағы одан әрі ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланады. Сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстанның медициналық ұйымдарының арасында бірқатар меморандумдарға қол қою жоспарлануда. Бұл қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітіп, жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау