ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫ ҰЛЫ МҰРАҒА АЙНАЛДЫРҒАН – ЖАНДОС ПОЛАТБЕКОВ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қазақтың ұлттық ойындарын жинақтап, жүйелеп, ғылыми тұрғыда зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуге өлшеусіз үлес қосып жүрген белгілі жаттықтырушы, өнертапқыш, тоғызқұмалақ және бестемше ойындарының республикалық әрі әлемдік деңгейдегі жаттықтырушысы және төрешісі – Жандос Полатбеков.
1975 жылы Кентау қаласында дүниеге келген Жандос Аббазұлы бала кезінен ағаштан түрлі ойындар құрастырып, сызуға әуес болып өсті. А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Дене шынықтыру» мамандығын тәмамдап, кейін құрылыс саласында еңбек етіп, елорданың бірқатар ірі нысандарының бой көтеруіне үлес қосқан.
2014 жылдан бастап қазақтың ұлттық «Бестемше» зияткерлік ойынын зерттеп, оны жаңғыртуға және әлемге танытуға атсалысты. Бүгінде ойын шетелдерде де танылып, мектептер мен балабақшаларда әдістемелік құрал ретінде қолданылып келеді.
Жандос Полатбековтың авторлығымен «Бүк-Шік», «Қоздату», «Тектұрмас», «Үстел үсті қазақ күресі» секілді ұлттық әрі зияткерлік ойындар әзірленді. Бұл ойындар балалардың логикалық және математикалық ойлауын, есте сақтау қабілетін, қол моторикасын дамытып қана қоймай, ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастырады.
2022 жылдан бері ұлттық ойындарды Түркістан облысында кеңінен насихаттап келе жатқан Жандос Аббазұлы Кентау қаласынан бастап өңір мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдарында семинарлар өткізіп, ұлттық ойындарды оқу-тәрбие үдерісіне енгізуге үлес қосуда.
Ұлттық ойын – ұлттың рухани қазынасы. Ал оны зерттеп, жаңғыртып, келер ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілік. Жандос Полатбековтың еңбегі осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/1280106?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version