Жаппай тағамнан улану: себептері мен алдын алу шаралары

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жаппай тағамнан улану – бір тағам өнімін немесе дайын тағамды тұтынған бірнеше адамның қысқа уақыт ішінде бірдей белгілермен ауыруы. Мұндай жағдай көбіне тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауынан туындайды. Тағамнан улану адам денсаулығына зиян келтіріп, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Тағамнан уланудың негізгі себептерінің бірі – тағам өнімдерінің микробтармен немесе олардың токсиндерімен ластануы. Бұған тағамды дайындау технологиясының бұзылуы, жеткіліксіз термиялық өңдеу, өнімдерді дұрыс сақтамау, белгіленген температуралық режимнің сақталмауы, жарамдылық мерзімі өткен немесе сапасына күмән келтіретін өнімдерді пайдалану себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар шикі және дайын өнімдерді бірге сақтау, өндірістік жабдықтар мен құралдардың тиісті тазаланбауы, қызметкерлердің жеке гигиена талаптарын сақтамауы да тағамның ластануына әкеледі.

Әсіресе қоғамдық тамақтану объектілерінде тағам өнімдерінің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет. Өнімдерді қабылдау, сақтау, дайындау және дайын тағамды тұтынушыға ұсыну кезеңдерінің барлығында санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталуы тиіс. Шикі ет, құс еті, балық және басқа да шикізаттар дайын тағамдардан бөлек сақталуы керек. Тағам дайындауға арналған жабдықтар мен құралдар уақтылы тазаланып, дезинфекциялануы қажет.

Жаппай тағамнан уланудың алдын алу ең алдымен санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтаудан басталады. Тұтынушылар тағам өнімдерін тек заңнама талаптарына сәйкес жұмыс істейтін және сенімді сауда орындарынан сатып алып, өнімнің жарамдылық мерзіміне, қаптамасының бүтіндігіне және сақтау жағдайына назар аударуы қажет. Үй жағдайында тағам дайындау кезінде қолды мұқият жуу, таза ыдыстарды пайдалану, өнімдерді толық термиялық өңдеу және дайын тағамды ұзақ уақыт бөлме температурасында қалдырмау маңызды.

Сонымен қатар үй жағдайында дайындалған консервілерге, тұздалған және маринадталған өнімдерге ерекше сақтықпен қарау керек. Оларды дайындау технологиясының бұзылуы ботулизм сияқты ауыр ауруларға себеп болуы мүмкін. Қақпағы ісінген, сыртқы түрі немесе иісі өзгерген консервілерді пайдалануға болмайды.

Тағамнан улану кезінде жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, іш өтуі, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Егер осындай белгілер бір тағамды бірге тұтынған бірнеше адамда бір мезгілде пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Улануға себеп болуы мүмкін тағамды сақтап қойған жөн, себебі ол зертханалық тексеру жүргізу үшін қажет болуы мүмкін.

Жаппай тағамнан уланудың алдын алу – мемлекеттік органдардың, тағам өнімдерін өндірушілердің, қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметкерлерінің және әрбір тұтынушының ортақ жауапкершілігі. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау – тағам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және адам денсаулығын қорғаудың маңызды шарты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/1280598?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version