Ашықтық пен жауапкершілік: Әуезов ауданында халық сенімі қалай нығайып келеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Халық сенімі – ашық әрі жауапты жұмыстың жемісі

Халықтың сенімі талаппен емес, күнделікті нақты іспен және нәтижелі жұмыспен қалыптасады.

Жергілікті атқарушы органның жұмысы құжат пен есептен емес, ең алдымен халықтың сенімінен басталады. Әрбір тұрғын өзінің өтініші ескерусіз қалмайтынына, мемлекеттік қызметті уақытылы әрі сапалы алатынына, бюджет қаражаты ұтымды жұмсалатынына және сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейтініне сенімді болуы керек.

Сондықтан ауданда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, тұрғындардың өтініштерін әділ әрі жан-жақты қарау және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелерін бір-бірімен сабақтас бағыттар ретінде қарастырамыз. Бұл жұмыстың негізгі қағидаттары – ашықтық, заңдылық және жеке жауапкершілік.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелінің алдын алу маңызды

Сыбайлас жемқорлықпен күресте оның салдарымен күрескеннен гөрі, тәуекелге әкелуі мүмкін жағдайларды алдын ала анықтап, дер кезінде жойған әлдеқайда тиімді.

Осыған байланысты әкім аппаратында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тұрақты түрде талдау жүргізіліп, ішкі жұмыс үдерістері жетілдіріліп келеді. Қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге ерекше мән беріледі. Әсіресе тұрғындар мемлекеттік органдармен жиі байланысатын мемлекеттік қызмет көрсету, абаттандыру және ауданның күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты басқа да салалар назарда.

Бұл бағыттағы маңызды тетіктің бірі – цифрландыру. Қызмет көрсету тәртібі неғұрлым ашық болып, азамат пен лауазымды тұлға арасындағы негізсіз тікелей байланыс азайған сайын, сыбайлас жемқорлық тәуекелі де төмендейді. Сондықтан жұмыс үдерістерін кезең-кезеңімен электронды форматқа көшіру, қажетті ақпараттың қолжетімділігін арттыру және шешім қабылдауда баршаға ортақ әрі түсінікті талаптарды басшылыққа алу маңызды.

Дегенмен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек әкімшілік рәсімдер мен цифрлық құралдарға тірелмейді. Ең бастысы – әрбір мемлекеттік қызметшінің бойында адалдыққа, жауапкершілікке және азаматтарға құрметпен қарауға негізделген қызметтік мәдениетті қалыптастыру.

Мемлекеттік қызмет тұрғынға қолайлы болуы тиіс

Мемлекеттік орган жұмысының сапасын тұрғындар өткізілген жиындардың немесе әзірленген есептердің санымен бағаламайды. Халық үшін басты өлшем – нақты нәтиже. Яғни өз мәселесін қаншалықты жылдам, түсінікті әрі әділ шеше алғаны маңызды.

Сондықтан алдымызда мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын ұдайы арттыру міндеті тұр. Мемлекеттік қызметші заң талаптарын біліп қана қоймай, қызмет алу тәртібін, қажетті құжаттарды және қабылданатын шешімнің негізін азаматқа қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізе білуі қажет.

Қызмет көрсету мерзімдерін сақтау, тұрғындарды толық ақпараттандыру, негізсіз бас тартуға жол бермеу және барлық азаматқа тең жағдай жасау – тұрақты бақылаудағы мәселелер. Түскен шағымдар мен ескертулерді саралау арқылы жүйелі мәселелер анықталып, оларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылданады.

Аудан әкімі аппаратының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 13 мемлекеттік қызмет көрсетеді, тағы 2 қызмет проактивті форматта ұсынылады.

Есепті кезеңде атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 152 өтініш қабылданды. Бұл отбасылар құрамындағы 666 адамды қамтиды. Жалпы 74,9 млн теңге көлемінде төлем жасалды.

Тұрғын үй көмегі 77 өтініш берушіге тағайындалып, 1,56 млн теңге төленді. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмектің өзге де түрлері көрсетілуде.

Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсету, оларды техникалық оңалту құралдарымен, санаторийлік-курорттық емдеумен, жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының қызметтерімен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.

Қоғамдық даму бөлімі екі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Олар – азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудан босату және әскерге шақыруды кейінге қалдыру.

Есепті кезеңде 703 өтініш түсті. Оның ішінде 185 азамат мерзімді әскери қызметке шақырудан босатылса, 518 азаматқа шақыруды кейінге қалдыру құқығы берілді.

Барлық өтініш белгіленген мерзімде қаралды. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін бұзу деректері және қызмет сапасына қатысты шағымдар тіркелген жоқ.

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі спорттық разрядтар мен біліктілік санаттарын беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді. Есепті кезеңде 400 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 15 өтініш бойынша белгіленген талаптарға сәйкес бас тарту туралы шешім қабылданды.

Әрбір өтініштің артында нақты мәселе бар

Тұрғыннан түскен әрбір өтініш – аудандағы нақты жағдайды, халықты толғандыратын мәселелерді көрсететін маңызды ақпарат көзі.

2026 жылдың жеті айында «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы жеке және заңды тұлғалардан 7 849 өтініш түсті. Олардың барлығы заңнамада белгіленген тәртіппен тіркеліп, қаралады.

Өтініштерді қарау мерзімі мен жауаптардың сапасы тұрақты бақылауда. Сонымен қатар өтініштердің түсу себептері сараланып, тұрғындар жиі көтеретін өзекті мәселелер анықталады. Орындаушылық тәртіпті күшейту және өтініштерді қарау сапасын арттыру мақсатында жауапты мамандармен тұрақты түрде жұмыс кеңестері өткізіледі.

Тұрғындар өтініштерін тек «Е-Өтініш» жүйесі арқылы ғана жолдамайды. Жыл басынан бері Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдау орталығы арқылы 473 өтініш түсті. Олардың басым бөлігі ағаштарды санитарлық кесу, аумақтарды тазалау және жол жөндеу мәселелеріне қатысты болды. Барлық өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылды.

Мобильді қосымша арқылы 42 өтініш қабылданды. Олар негізінен жасыл желектерді санитарлық кесу және балалар ойын алаңдарын жөндеу мәселелерін қамтыды.

Әлеуметтік желілер арқылы тағы 1 076 өтініш келіп түсті. Оның 1 026-сы бойынша жұмыс аяқталды, 50 өтініш орындалу үстінде.

Біз үшін өтінішке жауап беру формалды рәсімге айналмауы тиіс. Әрбір хаттың, арыздың немесе шағымның артында адамның нақты мәселесі тұр. Сондықтан мәселенің мән-жайына терең үңіліп, көрсетілген деректерді тексеріп, жағдайды жан-жақты зерделеп, тұрғынға нақты әрі негізді жауап беру маңызды.

Жеке қабылдау – тұрғынды тікелей тыңдаудың тиімді жолы

Халықпен тікелей байланысқа ерекше мән береміз. Жеке қабылдаулар, тұрғындармен кездесулер және орындарға шығу мәселені тек қызметтік құжаттар арқылы емес, нақты жағдаймен таныса отырып бағалауға мүмкіндік береді.

Бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды апта сайын жеке қабылдаймын.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 21 жеке қабылдау өткізіліп, 104 азамат қабылданды. Барлығы 173 мәселе қаралды.

Өтініштердің басым бөлігі коммуналдық шаруашылыққа қатысты – 55 мәселе. Құқықтық мәселелер бойынша 22, абаттандыру бойынша 17, кәсіпкерлік саласында 13, тұрғын үй мәселелері бойынша 11 өтініш қаралды.

Сонымен бірге тұрғындар әлеуметтік сала, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет пен тілдерді дамыту, жер қатынастары, инженерлік және жол инфрақұрылымы, денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс және экология мәселелері бойынша жүгінді.

Қарау нәтижесінде 10 мәселе оң шешімін тапты, 47 мәселе бойынша жазбаша түсіндірме берілді, ал 88 мәселе бойынша азаматтарға қабылдау барысында ауызша түсіндірілді. 21 мәселе құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жолданды, 7 мәселе орындалу үстінде.

Біз үшін жеке қабылдаулардың саны емес, оның нәтижесі маңызды. Тұрғынмен тікелей сөйлесу мәселенің мәнін тереңірек түсінуге, жауапты органдарды жедел айқындауға және заң аясында шешім табуға мүмкіндік береді

Бюджет – халықтың қаржысы

Бюджет қаражатына жауапкершілікпен қарау – мемлекеттік басқару тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі.

2026 жылға арналған қаржыландыру жоспары 27 858 097,0 мың теңгені құрайды. Алты айға 10 419 559,0 мың теңге қарастырылып, оның 10 404 191,7 мың теңгесі, яғни 99,8 пайызы игерілді.

Дегенмен біз үшін бөлінген қаражатты тек игеру жеткіліксіз. Әрбір жұмсалған теңгенің артында тұрғын күнделікті өмірінде көретін нақты нәтиже болуы керек. Ол – абаттандырылған аула, жөнделген жол, сапалы инфрақұрылым, қауіпсіз әрі жайлы қоғамдық кеңістік.

Тұрғындардың бюджет қаражатын бөлуге тікелей қатысуына мүмкіндік беретін тиімді тетіктердің бірі – «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы. Оның аясында 29 жобаны іске асыру жұмыстары басталды.

Бюджетті жоспарлау және орындау барысында шығыстардың негізділігіне, жобалардың басымдығына, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының сақталуына және бюджеттік бағдарламалардың нәтижелілігіне ерекше назар аударылады.

Бұл мәселедегі ұстанымымыз айқын: үнемдеу сапаның төмендеуіне әкелмеуі керек, ал қаражатты игеру түпкі мақсатқа айналмауы тиіс. Басты өлшем – тұрғындарға пайдасы тиетін нақты әрі сапалы нәтиже.

Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік әрқайсымыздан басталады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы орнықты жүйені тек бақылау мен жазалау арқылы қалыптастыру мүмкін емес. Қоғамда мұндай әрекетке мүлде жол берілмейтін орта қалыптасуы қажет.

Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті күнделікті іс-әрекеттен басталады. Ол мемлекеттік органда да, еңбек ұжымында да, білім беру ортасында да, азамат пен мемлекеттік орган арасындағы қарым-қатынаста да көрініс табуы тиіс.

Мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет және қызметтік әдеп саласындағы заңнама талаптары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормалары тұрақты түрде түсіндіріледі. Осы бағытта тақырыптық семинарлар мен жұмыс кеңестері өткізіліп келеді.

Әрбір қызметкер бір қағиданы анық түсінуі керек: лауазымдық өкілеттік – артықшылық емес, мемлекет пен қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік.

Атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы артып, мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі жетілдірілуде. Тұрғындардың өтініштерін қарау мен бюджет қаражатының жұмсалуына бақылау күшейтілді.

Алайда статистикалық көрсеткіштерді түпкі нәтиже деп қарауға болмайды. Біз үшін нәтиже – тұрғынның мәселесін дер кезінде шешу, жүйелі проблемалардың санын азайту, қалалық ортаның сапасын жақсарту және ең бастысы, халықтың билікке деген сенімін нығайту.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – бір реттік науқан емес, үздіксіз жүргізілетін жұмыс. Қоғам мен технология дамыған сайын ықтимал тәуекелдер де өзгеріп отырады. Сондықтан олардың алдын алу тетіктері де заман талабына сай үнемі жетілдірілуі қажет.

Біздің міндетіміз – ауданда ашықтық қалыпты қағидаға айналған, мемлекеттік қызмет сапалы әрі қолжетімді көрсетілетін, бюджет қаражаты ұтымды әрі барынша тиімді жұмсалатын, ал әрбір тұрғынның өтініші мұқият әрі әділ қаралатын басқару жүйесін қалыптастыру.

Ашықтық, заңдылық, жауапкершілік және сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеу қағидаттары мемлекеттік басқарудың сапасын арттырып қана қоймай, халықтың сенімін нығайта түсетініне сенімдімін.

Өйткені халықтың сенімі талаппен емес, күнделікті нақты іспен және нәтижелі жұмыспен қалыптасады.

Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Егембердиев Абзал Қуандықұлы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-auezov/press/news/details/1281420?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version