Еңбек пен кәсіби шеберлікке берілген жоғары баға

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана қаласында өткен педагогтердің республикалық тамыз конференциясында Ақкөл қаласындағы Агротехникалық колледждің өндірістік оқыту шебері Андрей Иванович Коровин мемлекеттік награда — «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жоғары награда оған білім беру саласындағы айтулы жетістіктері және Қазақстан Республикасының алдындағы ерекше еңбегі үшін табысталды.

Андрей Иванович еңбек жолын 1989 жылы Ақкөл қаласындағы «Камила» ЖШС-де электргазбен дәнекерлеуші болып бастады. 2003 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Ақкөл қаласының Агротехникалық колледжі» МКҚК-да өндірістік оқыту шебері болып қызмет атқарып келеді. Ол педагог-зерттеуші санатына ие.

Коровин Андрейдің жетекшілігімен білім алушылар «Дәнекерлеу ісі» құзыреттілігі бойынша республикалық және өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаттарының бірнеше мәрте жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Көпжылдық кәсіби қызметі барысында Андрей Иванович білім алушыларды WorldSkills Kazakhstan өңірлік кәсіби шеберлік чемпионатына даярлауға зор үлес қосты. Педагогтың өзі де аталған өңірлік чемпионатқа бірнеше рет сарапшы ретінде қатысты. Оның шәкірттері 2019 және 2024 жылдары өңірлік чемпионаттың жүлдегерлері атанды.

Сонымен қатар, ол 2020 жылы «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша оқу құралын сараптау барысында «Талап» КЕАҚ сарапшысы ретінде қызмет атқарды.

Ақкөл қаласындағы Агротехникалық колледждің директоры Арман Уразовтың айтуынша, Андрей Иванович — беделі тек көпжылдық тәжірибесімен ғана емес, ең алдымен, еңбегінің нақты нәтижелерімен қалыптасқан педагогтердің бірі.

«Андрей Иванович қызмет атқарған жылдары дәнекерлеу ісі мен кәсіптік оқыту саласында жоғары кәсіби құзыреттілігі және мол тәжірибесі бар білікті, жауапты әрі бастамашыл маман ретінде өзін таныта білді», — деп атап өтті колледж директоры.

«Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасы Андрей Ивановичтің көпжылдық еңбегінің, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға, сондай-ақ білікті кадрларды даярлауға қосқан үлесінің лайықты бағалануы болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-edu/press/news/details/1281144?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version