Бүгін аудандық мәдениет үйінде түрлі сала мамандарының басын қосқан «Мамандығым – мақтанышым» атты әсерлі әрі мазмұнды аудандық байқау өтті. Әр салада адал еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегін дәріптеп, өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін арттыруды көздеген бұл шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Байқаудың шымылдығын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев ашып, үміткерлерге ақ тілегін білдірді. Сахна төрінде дәрігер Данияр Какен, мәдениет саласының маманы Қуаныш Тұрсынбек, ұстаздар Гаухар Куралова мен Гүлжайна Нұрмұханова, сондай-ақ шекара бақылаушысы Айдын Масақбаев бақ сынасты.
Қатысушылар фойеде орналасқан арнайы көрмеден бастап, өзін-өзі таныстыру, мамандығын қорғау, шығармашылық өнер және күнделікті жұмыс барысынан дайындалған ситуативтік қойылымдар бойынша сынға түсті. Әсіресе, өз кәсібінің қиындығы мен қызығын сахналық қойылым арқылы шынайы жеткізе білген сәттері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал «Меркі әуендері» ансамблі әншілерінің орындауындағы әуезді әндер кештің көркін қыздыра түсті.
Аудандық мәдениет үйінің директоры Нұржан Тулақбаев бастаған әділ қазылар алқасы шешім шығаруда біраз тартысқа түскені де анық. Тартысты өткен бәйгенің қорытындысы бойынша:
Бас жүлдені шеберлігімен дараланған №9 Меркі колледжінің оқытушысы Гүлжайна Нұрмұханова жеңіп алды.
І орынды А.Асқаров атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Гаухар Кұралова иеленсе, ІІ орын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің үйірме жетекшісі Қуаныш Тұрсынбекке бұйырды. Ал ІІІ орынды аудандық көпбейінді орталық ауруханасының дәрігері Данияр Какен мен ҰҚК ШҚ Сыпатай батыр шекаралық бақылау бөлімінің шекара бақылаушысы Айдын Масақбаев өзара бөлісті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен сыйлықтар тарту етілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-merke/press/news/details/1281449?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау